Емханаға кезек неге көп?

Соңғы уақытта елорданың денсаулық мекемелерінде дәрігерлердің жүктемесі айтарлықтай өсіп келеді. Қала халқының жыл сайынғы қарқынды көбеюі, көші-қон үдерісі мен жаңа тұрғын үй кешендерінің көптеп салынуы, өз кезегінде, емханалардағы қызмет сапасына әсер етпей қоймайды. Мамандардың айтуынша, бір дәрігерге тиесілі тұрғындар саны нормативтен асып түсіп отыр. Бұл жағдай дәрігерлердің әрбір науқасқа жеткілікті уақыт бөлуіне мүмкіндік бермей, медицина қызметінің сапасына әсерін тигізуде. Сонымен қатар халық тарапынан ұзақ кезекке шағымдар жиілеген.
Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуынша, ведомстволық бағынысты медицина ұйымдарында шамамен 12 мың медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 3,5 мың дәрігер бар.
«Бүгінде Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына 11 медицина ұйымы стационарлық көмек көрсетуде. Онда барлығы 4363 төсек-орын бар. Бас жоспардың демографиялық болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай қала халқы 2,3 миллионға жетеді. 2015 жылдан бері ірі медицина нысандары салынбағанын ескерсек, халық саны осы уақыт аралығында 800 мыңнан 1,5 миллионға дейін өсті. Соның салдарынан қазіргі таңда төсек-орын тапшылығы бар. Болжам бойынша 2027 жылға қарай қосымша шамамен 1400 төсек-орын қажет болады» дейді ол.
Қазір елорданың емханалары шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейді. Бір ауысымда, жоспарға сәйкес, 11 мың адамды қабылдаудың орнына іс жүзінде күніне 30 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетеді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін алдағы 5 жылда 2 перинаталдық орталық, жаңа көпсалалы аурухана, №2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан қабылдау-диагностика кешені, 2 мемлекеттік және 3 жекеменшік емхана, сондай-ақ 2 жедел жәрдем станциясын салу көзделіп отыр.
«Бұл іс-шаралар халықтың сұранысына жауап беретін заманауи әрі тиімді медицина инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы жай ғана медицина нысанын тұрғызу емес, ол – ең алдымен, ұлт денсаулығына және елдің болашағына жасалған инвестиция. Мұндай орталық әрбір азамат үшін қолжетімді жоғары технологиялы ем мен заманауи қызмет көрсетудің орталығына айналады» дейді Әлия Рүстемова.
Жалпы дәрігерлердің жүктемесін азайту мақсатында әкімдік тарапынан бұған дейін де бірқатар бастама қолға алынғанын білеміз. Мәселен, №4, 5 және 10 емханаларда жедел медицина көмек бөлімшелері жұмыс істейді, бұл стационарлардағы кезекті қысқартуға ықпал етуде. Атап өткен жөн, жаңа медицина мекемелерін ашу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі қолданылуда. Сонымен қатар жас мамандарды тарту мақсатында әлеуметтік қолдау іс-шаралары тиімді ұйымдастырылып келеді.
Президент Жолдауында көтерілген жаңа медицина инфрақұрылымының берер мүмкіндігі көп болмақ.
«Заманауи емдеу жағдайлары – бұрын шетелге баруды қажет еткен жоғары технологиялы операциялар мен күрделі диагностиканы елімізде жасауға мүмкіндік туады. Мамандар даярлау жаңа аурухана дәрігерлерінің тәжірибеден өтуіне, білімін жетілдіруіне база болады, бұл кадр әлеуетін күшейтеді. Қолданыстағы клиникалардың жүктемесін азайтсақ, науқастар медицина көмегін уақытылы әрі сапалы алады. Өңірлік даму жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бизнеске қосымша серпін береді» дейді Әлия Рүстемова.
Сала өкілдерінің пікірінше, медицина қызметінің сапасын арттыру тек инфрақұрылымды дамыту арқылы ғана емес, сонымен қатар цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуді қажет етеді. Бұл ретте елорданың медицина ұйымдарына бірқатар цифрлық шешім енгізілгенін айтпасқа болмас.
Мәселен, бүгінде науқастар дәрігер қабылдауына eGov mobile және «Damumed» қосымшалары арқылы онлайн жазыла алады. Сонымен қатар электронды денсаулық паспорты арқылы әрбір тұрғынның емдеу тарихы мен талдау нәтижелері бірыңғай базаға жинақталуда. Медицина саласына телемедицина жүйесі де енгізілген. Ол дәрігерге қашықтан бейнеқоңырау арқылы жүгінуге мүмкіндік береді.
Президент Жолдауында аталып өткендей, алдағы уақытта денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект пен заманауи технологиялар кеңінен қолданысқа енгізілмек. Бұл ауруларды ерте диагностикалауға және дәрігерлердің жүктемесін азайтуға ықпал етеді.
Түйінін айтқанда, Астанада дәрігерлердің жүктемесі – денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі. Оны шешу үшін қолға алған кешенді іс-шараларды жалғастыру керек. Халық санының артуына байланысты медицина инфрақұрылымдарын одан әрі дамытып, дәрігерлерге қолдау көрсетілген жағдайда ғана елордалықтар сапалы әрі уақытылы көмек ала алады.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ