Астана қаласындағы №8 қалалық емханада медицина мамандарына жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған «Еңбек және әлеуметтік құқық бойынша конституциялық кепілдік» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға Астана қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Женалаева мен Қазақстан халық партиясының өкілі Насихат Смайыл спикер ретінде қатысып, емхана қызметкерлеріне Конституциялық реформалардың қандай қажеттіліктен туындағанын түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстанда үлкен жаңа маңызды кезең басталғалы тұрғанын, яғни еліміздің тарихындағы елеулі оқиға жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум өтетінін жеткізе келе депутат қазіргі Ата заңдағы ерекшеліктерді айтып берді.

-1995 жылғы қазіргі Конституция баптары өз кезеңінде елімізді қалыптастыруға, тәуелсіздігімізді нығайтуға, бүгінгідей мемлекет құруға мүмкіндік берді. Бірақ Қазақстан бір орнында тұрмай дамуда, адамдардың сұранысы, көп дүниеге көзқарасы өзгерді. Сондықтан жаңа Конституция жобасы жай ғана заң өзгерісі емес, бұл — мемлекет пен халық арасындағы жаңа қоғамдық келісім, мемлекетті қазіргі заман талаптарына, яғни цифрлық дәуірге, технология, экономика және қоғам дамуына бейімдеу. Неліктен жаңа Конституция қажет болды? Реформаның басты мақсаты – саяси жүйені жаңғыртып, ел басқарудағы халықтың рөлін күшейту. Жобаға тек заңгерлер мен саясаткерлер ғана қатысқан жоқ, сонымен қатар көптеген сарапшылар, қоғамдық ұйымдар өкілдері жиналып, арнайы комиссия құрылды. 6 ай бойы жұмыс жүргізілді. Азаматтардан келген мыңдаған ұсыныстар мен өтініштер де ескерілді. Жаңа құжат Преамбуладан, 11 бөлімнен, 96 баптан тұрады, — деді С. Женалаева.

Партия өкілі алдағы маңызды тарихи кезеңге қадам басар тұста Ата заңдағы әрбір өзгерісті азаматтардың толық білуі керектігін атап өтті.

-Бұрынғы Конституция Қазақстанның құрылғанына не бары 4 жыл болған кезде дайындалды, яғни құжат өтпелі кезеңдегі форматта құрастырылды. Ал енді арада 30 жыл өткен соң жаңартылып отырған Ата заңда халықтың игілігіне басымдық беріледі. Сол үшін Конституция 84 пайыз жаңартылды. Сондықтан сіздерді алдағы референдумда дұрыс таңдау жасауға шақырамыз, — дей келе Н. Смайыл осы заң жобасындағы білім, ғылым, инновация бағытындағы өзгерістерге тоқталды.

Емхана директоры Рүстем Айтбаев спикерлерге алғыс айтып, медицина мен білім саласы қай кезде болмасын елдің мәдени күші екенін алға тартты. Сондықтан әріптестері алдағы саяси науқанда еліміздің ертеңі үшін белсенді болып, таңдау жасауы маңызды екенін жеткізді. Емхана қызметкерлері кейбір баптарға қатысты сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Райхан Рахметова



