Басты ақпаратҚала мен сала

Елорданың еңбек ұстаханасы

Елорданың ғана емес, елдің тасымал және экономика саласына елеулі үлес қосып отырған Астана локомотив пайдалану депосының тарихы 1931 жылдан бастау алады. Алдымен ­Петропавл-Көкшетау телімінде теміржол ­қозғалысы басталған соң, Ақмола стансасына ең алғашқы пойыз 1929 жылы келген еді. Содан бергі 94 жылдық тарихында депо жұмысы арқылы еліміздің барлық аймағы мен шетелге сан миллион тонна жүктер мен жолаушылар тасымалданды.

Осы істе тепловоздарды тізгіндейтін машинистер мен өзге де мамандар қызметін ұтымды үйлестіріп отырған депоның ұйымшылдығы, кәсіби білігі және жауапкершілігі жоғары ұжымы үлкен еңбек сіңіріп келеді.

Ғасырға жуық тарихы бар

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың еншілес ұйымы «ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС-ке қарасты депоның негізгі міндеті – Астанадан бірнеше бағытта жүк және жолаушылар тасымалы үшін локомотивтер қозғалысын ұйым­дастыру. Қа­зіргі уақытта Астана пайдалану локомотив депосы Атбасар станциясындағы айналым депосымен бірлесіп, Астана-Есіл, Астана-Көкшетау, Астана-Екібастұз, Астана-Атбасар, Астана-Қарағанды учас­келерінде тасымалдау процесін қамтамасыз етеді. Бірнеше ондаған жылдар ішінде елордалық мекеме паровоз депосынан заманауи кәсіпорынға дейінгі аралықтағы тарихи жолдан жүріп өтті. Бүгінде депоның тіркеу паркі 117 локомотивті құрайды. Ұжымда 1000-нан астам адам еңбек етсе, соның 700-ден астамы – локомотив бригадалары, яғни машинистер мен машинист көмекшілері. Бүгінде мұнда заманауи локомотивтердің барлық түрі бар. Сондай-ақ бұл мекемені жұмысшы мамандықтарының сан алуан түрі қызмет ететін еңбек ұстаханасы десе де ­болады.


– Локомотив бригадаларының келіп-кетуін нарядчиктер, тасымал қозғалысын депо кезекшілері қадағалайды. Бригадаларды оқыту қызметін нұсқаушылар қамтамасыз етеді. Машинис­тердің қандай жылдамдықпен қанша шақырым жүріп, кезекшілікті қалай қабылдап алғанын анықтайтын таспа талдау инженері де бар. Сонымен қатар ескі тепловоздарға 48-72 сағат жүргеннен кейін техникалық қызмет көрсететін ТО2 пунктінде 60-70 адам еңбек етуде. Ескі түрлерінен тек 30 локомотив қалды, қалғаны жаңа. Сол жаңа түрлерін өзінің сертификатталған сервис орталықтары қарап-тексереді. Машинистер зейнетке 55 жаста шыға алады, оларға мемлекеттік зейнетақы, яғни Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорынан ақша түскенге дейін жұмыс орнынан салалық жәрдемақы тағайындалады. Машинистердің ең жасы – 23-те. Жұмысқа локомотив шаруашылығы бойынша колледж бітірген, конкурстан өткен жастарды аламыз.

Локомотив бригадалары күн сайын оқытылады және әр рейс алдында міндетті түрде медициналық тексеруден өтіп отырады. Себебі локомотив тізгіндеу – өте ауыр және аса жауапты жұмыс, оған үлкен дайындық, білім және денсаулық керек, – дейді депо бастығы Дулат Ахмадиев.

Машинист – маңызды мамандық

Еңбек жолын 8 жыл бұрын осы депода локомотив қараушы және жөндеуші болып бастаған, қазіргі таңда 2-класты машинист Жігер Сейітов қатаң тәртіп, тыңғылықты білім және үлкен тәжірибені ұштастыратын мекемеде кез келген маман мықты болып шығады деп санайды.


– Локомотив жүргізу үшін алдымен машинист көмекшісі боласың, оны 3,5 жыл атқарған соң мені білікті арттыратын 6 айлық машинист курсына жіберді. Оған емтихан тапсыру арқылы іріктеу жүргізіледі. Оқып келген соң да машинистер қасында 2-3 ай бірге рейстерге шығып, сосын барып өзің машинист ретінде жеке жұмыс істейсің. Қазіргі таңда Астана-Есіл және Астана-Атбасар бағытында жүк пойыздарының локомотивтерін жүргіземін. Көбіне астық, көмір сияқты мемлекеттік маңызды жүктерді тасымалдаймыз. Ал жолаушылар тасымалының машинисі болуға талап бұдан да күштірек. Оған тағы да білікті арттырып, класты көтеру керек. Әр машинистің бір рейстегі жұмыс уақыты 12 сағатты құрайды, межелі стансаға жеткеннен кейін сонда локомотив демалыс үйінде кемі 4 сағат демалып, бері келе жатқан пойыздарды алып қайтамыз. Келген соң кемінде 16 сағат үйде демаламыз, одан соң тағы жұмысқа шығып, 4 рейске шыққаннан кейін 2 күн демалыс беріледі. Демалған кезде уақытты өте тиімді пайдалануымыз керек, отбасымызға да көңіл бөліп, тынығып та үлгереміз. Сондықтан машинис­тердің отбасындағы туыстары да оның тынығуына ыңғайлы толық жағдай жасауы керек. Бұл машинист мамандығының қаншалықты жауапты, маңыз­ды және ауыр жұмыс екенін көрсетеді, – дейді Ж.Сейітов.

Локомотив бригадалары әр сапар алдында медициналық тексеруден өткенде міндетті түрде олардың қан қысымы, алкогольдік ішімдік ішкен-ішпегені тексеріледі. Содан мінсіз өткендер ғана сапарға жіберіледі. Локомотив бригадасына екі адамды, яғни машинист пен оның көмекшісін қосқанда да оларды жайдан-жай біріктіре салмайды екен. Алдымен олар психология­лық тесттен өтеді, сосын ғана мінезі үйлесетін қызметкерлерді жұп қылады. Ол тесттен өту де оңай емес, үш сағаттық сынақ кезінде олардың бүкіл білімі бен білігі, шапшаңдығы мен төтенше жағдайға қалай реакция беретіні тексеріледі. Соның бәрін байқап, анықтаған машинист нұсқаушы бригадаларды бөледі.


Осы салада 22 жылдан бері еңбек ететін депоның оқыту жөніндегі машинист нұсқау­шысы Ерлан Тұрсынбаев 2021 жылдан бастап бригадалардың білімін толықтыруға атсалысып келеді. Кезінде машинист те, оның көмекшісі де болған ол локомотив депосындағы түрлі білім сайысында үнемі жүлделі орындарды алып, көзге түскен. Сол қабілет-қарымына қарай басшылық оған осы қызметті ұсынған.

– Компанияда бекітілген қыз­меттік нұсқаулықтар негі­зінде күн сайын сабақ беремін. Барлық бригада айына 4 рет техникалық сабақтан өтуі керек. Бір сабаққа кем дегенде 70 адамдай келіп қатысып, қал­ғаны да кезегімен сабақтарға міндетті түрде түгел қатысып шығуы қажет. Сол алған білімін тексеру үшін тоқсан сайын сынақтан өткіземін. Одан бөлек, қауіпсіздік бойынша оқиғалар болса, соның себебін талдау, анықтау жұмысына қатысамын. Сонымен қатар теміржолшылардың білігін арттыру бойынша оқуға жіберу жұмысын ұйымдастырамын. Соның бәрінің ай сайын есебін жүргіземін. Техникалық кабинеттің жарақтандырылуы, қаржы есептеріне де жауаптымын, – дейді машинист нұсқаушысы.

Тұрақты жұмыс, лайықты жалақы

Жақында депоның маневрлік локомотивтерінің қатары қытайлық тепловоздармен толықты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен China Railway Rolling Stock Corporation арасындағы негіздемелік келісім шеңберінде 100 заманауи маневрлік ­тепловоздар алу жоспарланған. Соның негізінде Астана депосына әзірге екі локомотив әкелінді. Машинистердің айтуынша, жаңа локомотивтер жайлылықтың жоғары деңгейімен ерекшеленеді.

– 20 жылдан бері машинист болып еңбек етемін. Маневрлік жұмыстарға арналған бұл локомотив қазіргі заманға сай жасалған, бұрынғы біздегі ескі, кеңестік түрлеріне қарағанда дизайны да, қуаты да күштірек. Тепловоз техникалық паркте, станция басында жұмыс істейді. Кабинада тағамды жылытуға арналған плита, ауа баптағыш және тоңазытқыш бар, бұл жұмыс жағдайын едәуір ыңғайлы етеді, – дейді машинистердің бірі Нұрбек Сембиев.

Қызметкерлеріне тұрақты жұмыс пен лайықты жалақы ұсынатын локомотив депосы дамудың қуатты әлеуетіне ие, қалыптасқан механизм десе болады. Мұнда болат жолдың байырғы дәстүріне берік теміржолшы әулеттері де көп. Шойын жолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне осындай кәсіби жоғары деңгейдегі жұмысымен кепілдік бере отырып, аталған депо локомотив шаруашылығының темір жолдағы басымдығы жоғары бағыттардың бірі болуына септік етіп келеді.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button