Қоғам

Елорданың беделді ЖОО-да Жолдау талқыланды

Астанадағы Maqsut Narikbayev University қабырғасында өткен жиында Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Іс-шараға университет ұжымы, студенттер, «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиынға қатысушылар Жолдауда айтылған цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу және елорданың дамуы мәселелеріне тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жылдың ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру жөнінде стратегиялық маңызы бар міндет қойды. Ал елорданың міндеті – осы бастаманы жүзеге асырудың флагманына айналу. Осы тұрғыда Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы маңызды оқиға болып отыр. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанды жасанды интеллектке бағытталған мемлекетке айналдыру, сондай-ақ қоғамдық және экономикалық өмірдің барлық саласында жасанды интеллект технологиялары мен инновацияларды дамытуға серпін беру. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, аталған орталық аясында Tomorrow School мектебінің студенттері білім алатын болады. Tomorrow School – Қазақстандағы жасанды интеллект бойынша алғашқы peer-to-peer (тең-теңімен оқыту) мектебі. 2024 жылы Astana Hub технопаркі іске қосқан мектеп бағдарламалау бойынша алдын ала білімді талап етпей, ЖИ саласында тегін білім алуға бірегей мүмкіндік ұсынады. Есет Байкен Мемлекет басшысы айтқандай, елдің өркениетке қадам басуы ең алдымен білім мен ғылымға ұмтылған жас буынның арқасы екенін де жеткізді.

-Бүгінде ел астанасында 481 630 жас тұрады, бұл – қала халқының үштен бірі. Олардың арасында 106 мыңы – студенттер. Бұл ретте 73 мың студент өзге өңірлерден, ал 5 мың студент шетелден келіп білім алуда. Қатарында жас кәсіпкерлер, IT-мамандар, еріктілер мен өнер-білімге ұмтылған жас дарындар да бар. Жастардың бастамалары Астананың дамуына ерекше серпін беріп отыр. Президент Жолдауында жастарға қатысты нақты басымдықтар, яғни білім мен кәсіби дағдыны дамыту, патриотизмді жаңа жобалар мен пайдалы істер арқылы дәлелдеу, жасанды интеллект дәуіріне дайын болу сияқты айтылды. Елордада қазіргі таңда ЖОО-лардың саны 16-дан 20-ға артты, оның ішінде 5 ұлттық, 10 жеке оқу ордасы, 4 шетелдік университет филиалы, 1 автономды білім беру ұйымы бар. Соның ішінде өзім осы Maqsut Narikbayev University оқу орнында білім алып шыққанымды мақтан етемін, — деді Есет Байкен.

Сондай-ақ ол Президент көтерген тағы бір мәселе – елорданың көші-қон жағдайына да тоқталды. Бүгінде қалада шамамен 1,6 млн адам тұрады. Қалаға келушілер қатары жылдан жылға артуда, соның ішінде басқа аймақтан келетін студенттер саны көбейіп, бұл оларды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін туғызып отыр. 2023 жылы елордадағы жатақханаларға 7,5 мың орын қажеттілігі пайда болды. 2024 жылы 4 мыңнан астам орындық 7 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Биыл тағы 5 мыңға жуық орындық 8 нысанды іске қосу жоспарлануда, оның үшеуі салынып бітті. Ал 2026 жылы бұдан бөлек 5 мың орындық 5 жатақхана салу қарастырылып отыр.

Жиынға қатысушылар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар, құқықтық жүйені, адами капиталды, туризм мен экологиялық бастамаларды, жастар кәсіпкерлігін  дамыту, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, әділетті Қазақстанды құрудағы жастардың рөлі жайын да қозғады. Жұмыссыздық мәселесін шешу үшін Астанада жастарға арналған кәсіпкерлік және стартаптар орталықтары жұмыс істеп, «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «JOLTAP» жобалары жүзеге асырылуда. Соның арқасында жұмысқа орналасқан жастар қатары артты. Мәселен, «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы 5200 жас жұмыспен қамтылды. NEET санатына жататын жастардың үлесі азайып, олар 6,2%-ға дейін кеміді. Волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тартылған жастар үлесі 24% болды. Қазір қалада белсенді түрде жұмыс істеп тұрған 30 жастар ұйымы болса, соның ішінде 10 ұйымның республикалық мәртебесі бар. Олар қаланың қоғамдық өміріне белсене атсалысады. Қазір қаладағы бірде-бір іс-шара волонтерлерсіз өтпейді, бүгінде олардың саны 6 мыңнан асты. Жолдау туралы өзге де қатысушылар пікір білдіріп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

 Райхан Рахметова

Фото: Василий Крась

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button