Елорданың агломерациялық мүмкіндіктері кеңеюде

Ақмола облысының Қосшы қаласында бір ауысымда 1000 адам қабылдайтын заманауи емхананың құрылысы аяқталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ол елордалық агломерацияның барлық іргелес елді мекендерін медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Мұнда мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті қоса алғанда, медициналық қызметтердің кең спектрі қарастырылған.
Медициналық нысанның құрылысы Мемлекет басшысы 2024 жылдың тамызында Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында басталды.

Ашылу салтанатына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, медициналық жұртшылық пен депутаттық корпус өкілдері қатысты. Министр өңірде алғаш рет медициналық мекеменің құрылысына жеке инвестициялар тарту бойынша осындай ірі жоба жүзеге асырылғанын атап өтті.
Мемлекет осындай бастамаларды қолдайды, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен халыққа заңнамалық деңгейде жағдай жасайды. Жоба мемлекеттік бюджет қаражатын тартпай «VIAMEDIS KOSSHY» ЖШС-ның жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылды. Құрылыстың жалпы құны — шамамен 30 млрд теңге. Осы жылдың соңына дейін медициналық кешен аумағында ішінде 50 оңалту төсек-орны бар 350 төсек-орындық көп бейінді стационардың құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Медициналық көмек Қосшы қаласының, сондай-ақ Ақмола облысының Шортанды, Ерейментау, Егіндікөл, Аршалы, Қорғалжын, Целиноград және Астрахан аудандарының тұрғындарына көрсетілетін болады. Емхана мен стационарда 700-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.
Инвестор сонымен қатар медицина қызметкерлеріне арналған пансионат пен тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, нысанның маңыздылығы туралы жоғары санатты нейрохирург дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, «Еңбек ері» атағының иегері Серік Ақшолақов кәсіби пікір білдіріп, емхананың халықаралық стандарттарға сәйкестігін және жобаның жоғары әлеуетін атап өтті.
Жалпы, соңғы екі жылда Ақмола облысында 38 медициналық нысан салынды, бұл ауылдық елді мекендердің 75 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етті. Аталған жобаларды жүзеге асыру — денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайту және халыққа медициналық көмектің сапасын арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.





