Елордамен бірге еңсе тіктеген

Елордада басылып, елге таралатын басылым – «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің жарық көре бастағанына 35 жыл толды. Осы жылдар ішінде басылым бірнеше өсу-өркендеу кезеңінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, алған асуы мен жеткен жетістігін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші ғана емес, ел руханиятындағы, халық тағдырындағы өзекті мәселелерге үн қосатын мазмұны бай, ойы кемел газетке айналды.
Бүгінде саяси, тарихи, танымдық мақалаларының қатары көбейіп, мәдени-рухани дүниелерімен оқырмандарын сүйсіндіріп келе жатқан газет 1990 жылдың 13 қазанында Целиноград қаласында «Ақмола ақиқаты» деген атпен алғаш рет жарық көрген еді. Бастапқыда аптасына бір рет шыққан басылым 1998 жылдың қаңтарында «Ақмола ақшамы», сәл кейін «Астана ақшамы» атанып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды.
Қазіргі таңда аптасына 3 рет жарық көретін газеттің жыл өткен сайын танымалдығы артып, таралымы көбейді. Оған ұжымда әр жылдарда еңбек еткен білікті бас редакторлар мен қаламы жүйрік журналистер үлес қосып, бәрі де оның беттерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оқырмандарының ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын басылымға 2003 жылы Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атағы берілді. 2018 жылы ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Нұр-Сұңқар» сыйлығын алды. Әр жылдары еңбек еткен көптеген журналист халықаралық, республикалық, қалалық байқаулардың жеңімпаздары мен лауреаттары атанып, басылымның мәртебесін одан сайын асқақтата түсуде.
«Ұлт ұпайы» айдарымен ұлтымыздың ұпайын түгендейтін тіл, өнер, мәдениет, руханият, әдебиет, жер мен ел мәселелері көтеріліп, оқырман мен билікке ой салса, «Шаһар шежіресі», «Елордада – есімі» айдарлары арқылы қаланың тарихы мен көше, маңызды нысандар, ескерткіштер атаулары мен мәні ашылып, тарихы қатталады. «Руханият» айдарында Алаш қайраткерлерінің жанкешті ерлігі мен азаттық үшін күрескен сан қилы жолы туралы тың деректерге толы авторлар мақалалары үздіксіз жарияланып отырады. Бұл басылымның қалалық, елордалық сипатынан да биік, республикалық деңгейі жоғары екенін көрсетеді.
Газетте еңбек жолын бастап, қаламын алғаш осы басылым бетінде ұштаған көптеген журналист «Астана ақшамының» мектебінен өтіп, қарымды қаламгерге, жазуға жүйрік журналистерге айналды. Осында көп жылдан бері еңбек ететін тәжірибелі аға буынның тәрбиесін көріп, буыны қатайып, қанатын кеңге самғайтын кәнігі тілшілер болып шықты, біразы беделді лауазымды қызметтерге көтерілді. Бұл туралы газетте кезінде бас редактордың орынбасары болып қызмет еткен, бүгінде «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, БАҚ саласы бойынша Президент сыйлығының лауреаты Талғат Батырхан былай дейді:
«Егемендіктің елең-алаңында ашылған,
Бағы жанып бас қала басылымына айналған,
Отандық ақпарат кеңістігінен ойып тұрып орын алған,
Енді, міне, 35 жылдық белесін атап өткелі отырған
Өзіміздің «Астана ақшамы» ғой бұл!
«Астана ақшамы» елорда эпопеясын жазысуға аянбай атсалысты. Оның архивін ақтарсаңыз, талай тарихи оқиғалардың тасқа басылған жылнамасын табасыз. Өткен күндер елесі көз алдыңда көлбеңдеп, ерекше күйге енесің. Жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғаса беретініне сеніміміз мол».
Елорданың күнделікті тыныс-тіршілігін түгендеп, қаланың өзекті мәселелерін көтеріп келе жатқан іргелі басылым туралы ондағы мақалаға талай рет спикер болып, пікір білдіретін мекеме басшылары, қоғам өкілдері де жоғары баға береді.
– Газеттің көтермейтін маңызды тақырыбы жоқ деуге болады. Бас қаламыздың әлеуметтік-экономикалық мәселелері, көші-қон саясаты, саяси және танымдық сараптама, руханият, тіл мен ділдің жағдайы сынды тақырыптар ешқашан «Астана ақшамындағы» қаламы қарымды журналистер қауымының назарынан тыс қалған емес. Сондықтан газеттің 35 жылда шыққан әр нөмірі қаламыздың шежірелі тарихынан сыр шертетін құнды құжат деп білемін. Газет қоғамға, елдік істерді шешуге атсалысып қана қоймай, болашақ ізденуші азаматтарға жақсы азық болатын мол тарихи мұра қалдырып келеді. Өзім газеттің жаңа нөмірін үнемі ақтарып, тіл саясаты, ономастика, архив ісі, тұлғатану, көрнекі ақпарат саласына қатысты көтерілген мәселелерді жіті қарап, өзекті мәселелерді оң шешуге күш салып келемін. Құрылғанына 35 жыл толып отырған осынау газет ұжымын белесті сәтімен құттықтаймын! – дейді газеттің тұрақты оқырмандарының бірі, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
«Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді баспасөзді үзбей қарайтынын, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Астана ақшамы», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Түркістан» газеттерін міндетті түрде оқитынын атап өтті. Мемлекет басшысы осы басылымдардан жақсы мақала немесе сұхбат көрсе, астын сызып оқуға тырысатынын жеткізді. Өзекті мәселе байқаса, оған қатысты нақты тапсырма беретінін де мәлімдеді. Ал ондай өткір тақырыптар мен мәселелер, сараптамалық мақалалар «Астана ақшамы» газетінің әр санында жарық көріп отырады. Президентіміз оқитын газеттер қатарында болуымыз – біз үшін зор мақтаныш әрі бүкіл ұжымға артылған үлкен сенім мен жауапкершілік.
– Ақпарат таратудың жаңа тәсілдерін енгізіп, өзіне қалың оқырман қауымды тарту жолын таңдаған газет бұл күндері еліміздің ақпарат айдынында өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан бұқаралық ақпарат құралдарының біріне айналып отырғаны анық. Қала жұртшылығына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан басылымның оқырманға берері мол. Өйткені «Астана ақшамы» газеті ақпараттың қайнар көзіне айналып, оқырманына тәрбиелік-тағылымдық құндылықтарға терең тамыр жіберген құнды қазынаға толы материалдар ұсынуда. Оны көзі қарақты оқырман газеттің әрбір жаңа шығарылымында жарияланған мақалалардан аңғарып келеді. Қол жеткен жетістіктерді ғана көрсетіп қоймай, қала тіршілігінде орын алған кейбір кемшіліктерге сыни көзбен қарай отырып, тың тақырыптарды қаузап, оқырманмен кері байланыс орнатып, олардың ой-пікірін жиі жариялап отырады. Сондай-ақ оқырмандарына зиялы қауым өкілдерінің, ғибратты ғалымдардың, белгілі қоғам қайраткерлерінің, көрнекті ақын-жазушылардың сүбелі сұхбаттарын, қоғамды толғандырған түрлі ой-толғамын ұсыну газеттің айнымас дәстүріне айналғаны көңіл қуантады. Толғауы терең тақырыптар таңдап, айтары бар айдар ашып, құнды да қымбат дүниелер жариялау Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ журналистикасы жолбасшыларының бірі Еркін Қыдыр жетекшілік ететін газеттің жүйрік журналистерінің білім-білігінің көрсеткіші деп бағалаймын. Мерейтой құтты болсын, әріптестер! – дейді Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев.
Редакцияның қыз-қыз қайнаған шығармашылық жұмысы аяқталып, әр дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері кешке қарай газет жасалып бітеді. Одан әрі газет қатталып, басылып шығуы үшін оның PDF-нұсқасын бет қаттаушылар электронды пошта арқылы елордада 13 жылдан бері жұмыс істейтін «Ernur» медиа-холдингі баспасына жолдайды. Еліміздегі маңдайалды және облыс көлеміндегі 25 газетті шығаратын баспадағы жұмыс кешке сағат 20:00-де басталады. Сол басылымдардың ішінде көркем әрі сапалы безендірілуі, уақытылы дайын болуы жағынан «Астана ақшамы» баспагерлердің қашанда жоғары бағасына ие. Биыл 13 қазандағы 35-інші мерейтойында газеттің №4865 саны осы баспаға жол тартты.
Газеттің мазмұны мен тақырыптарының тартымдылығын, күн сайынғы қоғамдағы өзекті мәселелердің толық қамтылуын назарға алып, бүкіл ұжымды бағыттап, жол көрсетіп отыратын бас редактор мен шығармашылық топтың сол бағыттағы әрбір қадамын қадағалап, жұмыстың дұрыс жүруін бағамдап отыратын бас редактордың орынбасары Ғалым Қожабековті «Астана ақшамының» «жүрегі мен жаны» десе болады. Тапсырманы орындаушы 10 журналист, 1 фотограф, 3 бет қаттаушы, 2 корректор – белгілі бір жоспар аясында жазып, газет беттеп, сурет түсіріп жүргенмен, әрқайсысы өзіндік ойы, әр мәселеге ерекше көзқарасы мен жазу мәнері бар және сол бірегейлігін өз жұмысының өн бойынан көрсетіп жүрген бір-бір шығармашылық иелері. Әрбірінің өзіне бөлінген салалары болғанына және көбіне соған сай мәселе көтеретініне қарамастан, бәрі де – қай тақырыпты болса да игеріп кете алатын білікті мамандар.
P.S: 35 жыл бойы елордамыздың тыныс-тіршілігін үздіксіз жариялап, насихаттап келе жатқан «Астана ақшамы» газеті республикаға танылған үнпараққа айналып отыр. Астаналық газет әлі де қазақ еліне, оның бас қаласына қызмет ете беретіні сөзсіз. Елордамен бірге еңсе тіктеген басылым – «Астана ақшамы» алда да шаһар шежіресін шынайы сипаттап, оқырман ықыласына бөленуді мақсат тұтады.
Райхан Рахметова