Елордалықтардың 105 млрд теңге салық берешегі бар

Елордалықтардың салық берешегі 105 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті Қарызбен жұмыс басқармасының басшысы Аймахан Енбаев айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— 2025 жылғы 5 желтоқсандағы мәлімет бойынша Астана қаласындағы жалпы салық берешеші 105 млрд теңгені, оның ішінде 58 млрд теңге негізгі қарызды құрайды. Жыл басынан бері салық органдары 10 млрд теңгеден астам соманы өндіріп алды, — деді ол Астана қаласы коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, жаңартылған Салық кодексінде мәжбүрлеу шаралары қарыз мөлшеріне қарай нақты сараланды. Бұл тәсіл әкімшілендірудің ашықтығын қамтамасыз етіп, аз мөлшердегі берешек үшін бизнестің жұмысын тоқтатуға жол бермейді. Нақты айтқанда, 20 АЕК-тен аспайтын (86 500 теңгеге дейін) берешек кезінде тек ең төменгі өсімпұл есептеу, салық төлеушіге хабархат жолдау шарасы қолданылады. Банктік шоттарға шектеу қойылмайды. Ал 20-45 АЕК (86 500 — 194 625 теңге) аралығындағы берешек кезінде салық органы хабарлама жібереді, хабарлама орындалмаған жағдайда банктік шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылады. Борышты өтеу үшін инкассалық өкімдер қойылуы мүмкін. 45 АЕК-тен жоғары берешек кезінде мүлік сауда-саттыққа шығаруға дайындық аясында сипатталады, салық төлеушінің дебиторлары арқылы берешекті өндіріп алу жұмыстары жүргізіледі.
Басқарма басшысы 2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер бойынша берешекке қатысты банктік шоттар операцияларын тоқтату тәртібі де өзгеретінін айтады. Яғни, қарыз көлемі 6 АЕК-тен (25 950 теңгеден) асса, хабарлама тапсырылған күннен кейін 10 жұмыс күні өткен соң шығыс операциялары тоқтатылады. Бұл ретте шектеу тек берешек сомасы шегінде ғана қолданылып, кәсіпорынның толық жұмысын бөгемейді. Ірі борышкерлерге қатысты қосымша шаралар енгізіледі. Егер 27 000 АЕК-тен (116 млн теңгеден) асатын қарыз үш ай бойы өтелмесе, сот салық төлеушінің елден шығуын шектеуі мүмкін. Алдымен салық органдары міндетті түрде хабарлама жіберіп, борышты ерікті түрде өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, салықтар бойынша мерзімін ұзарту және бөліп төлеу мүмкіндіктері кеңейтіледі.
— Бұл өзгерістер бизнеске қолдау көрсетуді, оның қаржылық тұрақтылығын сақтауды және экономикалық белсенділікті арттыруды көздейді, — деді басқарма басшысы.



