Елордалықтар қандай медициналық көмек түрлерін тегін ала алады?

Елорда тұрғындары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмек алуға құқылы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
ТМККК-ны мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер (және тұруға ықтиярхаты бар), біздің елде тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар (және тұруға ықтиярхаты бар) ала алады.
Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, пана іздеп жүрген адамдардың айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде ТМККК алуға құқығы бар.
ТМККК азаматтарға сақтандыру статусына қарамастан көрсетіледі.
Тізімге мыналар кіреді:
Жедел жәрдем қызметтері, оның ішінде белгілі бір жағдайларда медициналық авиацияны жұмылдыру;
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) қызметтері, оның ішінде:
1) ең көп таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару;
2) халықтың нысаналы топтарын (балаларды, ересектерді) профилактикалық қарап-тексеру;
3) иммундау (вакцинация);
4) салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
5) репродуктивті денсаулықты қорғау жөніндегі іс-шаралар;
6) босанғаннан кейінгі кезеңде жүкті және босанған әйелдерді бақылау;
7) инфекциялық аурулар ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар;
Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек:
1) АИТВ-инфекциясы мен туберкулездің профилактикасы және диагностикасы;
2) жарақаттар, уланулар немесе басқа да шұғыл жағдайлар кезіндегі қызметтер, оның ішінде елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына себеп болатын аурулар кезінде және сақтандырылу мәртебесіне қарамастан барлық адам үшін оларға күдік туындаған жағдайларда мобильді бригаданың қызметтері;
3) әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау және емдеу;
4) динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар кезінде диагностика және емдеу;
Стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек:
1) әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде емдеу;
2) елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соғатын аурулар кезінде және сақтандырылу мәртебесіне қарамастан, оларға күдік туындаған жағдайларда үйдегі стационардың қызметтері;
3) динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар кезінде емдеу;
Стационарлық жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек:
1) айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдарды, сондай-ақ бактерия тасығыштарды, вирус тасығыштарды және қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік ауруға күдікті адамдарды оқшаулау кезінде;
2) жұқпалы, паразиттік ауруларды және айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларды емдеу кезінде;
3) сақтандырылу мәртебесіне қарамастан адамдарға шұғыл көмек көрсету, оның ішінде тәулік бойы стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізу;
4) жоспарлы тәртіппен;
Медициналық оңалту:
1) негізгі ауруды емдеу кезінде;
2) туберкулезбен ауыратын науқастар үшін.
Паллиативтік медициналық көмек;
Мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде медициналық көрсетілімдер болған кезде қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
Амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезіндегі патологиялық-анатомиялық диагностика;
Қазақстандықтарды шетелге емдеуге жіберу және отандық медициналық ұйымдарда емдеу жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту;
Дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммунобиологиялық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету.