Елордалықтан 6 келі есірткі тәркіленді

Астанада есірткі сақтау және таратумен айналысқан азаматтан 6 келі есірткі тәркіленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астанада есірткі сақтау және таратумен айналысқан 28 жастағы азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. “Қарасора” жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тұрғын үй кешенінің ауласында есірткі заттарын қолдану, сақтау және таратумен айналысқан 28 жастағы азаматты ұстады. Оның пәтерін тінту барысында жедел уәкілдер ұнтақ тәріздес зат салынған 5 пластик құты, 500-ден астам таблетка салынған 2 контейнер, 70 орама және өзіне тән иісі бар ақ түсті заттар салынған екі пакет, сондай-ақ сұйық май тәріздес зат құйылған пластик бөтелке тапты және тәркіледі.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар — салмағы 6 келіден асатын есірткі заты “меткатинон” болып шықты. Тергеу барысында күдіктінің интернет арқылы есірткі таратумен айналысатын дүкенге “қоймашы” ретінде жұмыс істегені анықталды. Ол оператормен байланыста болып, жалақысын криптовалюта түрінде алып отырғанын айтқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ұсталған азамат арнайы қабылдағышқа қамалып, 10 тәулік өткен соң уақытша ұстау изоляторына ауыстырылады. Полиция азаматтарды есірткі заттарына қатысты кез келген әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертеді.