Елордалық ЖОО-да Smart-аудитория ашылды

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде университеттің көрнекті түлегі, Қазақстанның Еңбек Ері, «Родина» агрофирмасы» ЖШС-нің бас директоры Иван Адамович Сауэрдің есімі берілген Smart-аудитория салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, ғылыми қауымдастық өкілдері, аграрлық кәсіпорындардың басшылары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Жаңа буындағы Smart-аудитория — мультимедиялық технологиялармен және цифрлық оқыту элементтерімен жабдықталған заманауи білім беру кеңістігі. Аудитория студенттердің икемді ойлау қабілетін қалыптастыруға, практикалық дағдыларын дамытуға және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған. Ол заманауи Smart-аудиторияларға қойылатын талаптарға және білім берудегі цифрлық трансформация үдерістеріне толық сай келеді.

Салтанатты рәсім барысында Иван Адамович Сауэрдің университетті дамытуға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды. Қоғамдық белсенділігімен және меценаттық қызметімен танымал ол көптеген жылдар бойы білім беру саласындағы бастамаларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Атаулы аудиторияның ашылуы — оның туған университетінің инфрақұрылымын дамытуға, студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы әрі технологиялық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған игі істерінің жалғасы.
Салтанатты шараның жалғасы ретінде Иван Адамович Сауэр «Аграрлық бизнесті басқару тәжірибесі және ауыл шаруашылығының орнықты дамуы» тақырыбында ашық дәріс оқып, өз тәжірибесімен және басқарушылық көзқарастарымен бөлісті.



