Елордалық ЖОО-да Болашақ прокурорлар клубы ашылды
Астана қаласында MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY базасында Мақсұт Нәрікбаев атындағы Болашақ прокурорлар клубының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл — Қазақстан Республикасының Бас көлік прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан инновациялық білім беру жобасы, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға Бас прокуратура департаменті бастығының орынбасары Айбар Ілияс, мектеп директоры, университет өкілдері, оқытушылар, студенттер мен шақырылған қонақтар қатысты.

Жобаның негізгі мақсаттары: жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті дамыту, мектеп оқушыларына ерте кәсіби бағдар беру. Жобаның басты ерекшелігі — білім сабақтастығы мен практикаға бағытталған оқытуды қамтамасыз ететін «прокуратура — мектеп — университет» атты үшжақты өзара іс-қимыл моделі болып табылады.

Клуб қызметі аясында қатысушыларға көшбасшылық дағдыларды дамытуды және құқықтық негіздерді тереңдетіп оқуды қоса алғанда, қосымша білім алу мүмкіндіктері беріледі. Айта кетерлігі, клуб түлектеріне MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY-не түсу кезінде айрықша артықшылықтар, соның ішінде білім беру жеңілдіктері мен гранттар қарастырылған.
Болашақта клуб жұмысы жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, заңдылық қағидаттарын дәріптеуге және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталады.



