Елордалық зейнеткерлер сауықтыру флешмобын өткізді
Астана қаласы Нұра ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Денсаулық – зор байлық» атты спорттық флешмоб өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Таңғы сауықтыру жаттығуларын өткізу үшін «Ғашықтар» аллеясына 200-ге жуық зейнеткер жиналды. Спорттық шараны Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы аудан әкімдігімен бірлесіп, салауатты өмір салтын насихаттау, дене белсенділігін арттыру және тұрғындарды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға тарту мақсатында ұйымдастырды.

Қатысушылар алдымен денені қыздыру жаттығуларынан бастап, кейін оңалту гимнастикасы, йога, пилатес және скандинавиялық серуен бағыттары бойынша топтарға бөлінді. Әр топ өз нұсқаушыларының жетекшілігімен жаттығулар орындап, дұрыс техника мен қауіпсіз жүктемеге ерекше назар аударды.
«Бүгінгі шарада биші әжелерден құрылған «Қыздар-ай» және «Аңыз» би ұжымдарының өнері жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар тек көрермен болып қана қоймай, би қимылдарын бірге қайталап, іс-шараны ортақ флешмобқа айналдырды» — деп пікір білдірген аудандық бөлім басшысы Мұрат Темірболатов қатысушыларды қолдап, флешмобқа бірге қосылды.
Сонымен қатар, іс-шара «Атамекен» және «Нұра әуендері» ансамбльдерінің өнер көрсетуімен қорытындыланып, скандинавиялық серуен тобы Олимпиаданың бес сақинасын бейнеледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастыруға, қатысушылардың белсенділігі мен бірлігін нығайтуға, сондай-ақ, сергектік пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға ықпал етеді.



