Білім

Елордалық ұстаздардың Тамыз конференциясы өтті

Көші-қон үдерісінің қарқынды жүруі және туу көрсеткішінің тұрақты өсуіне байланысты елордадағы балалар саны жыл сайын артып келеді. Қалада жылына 30 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, қосымша 4 мың бала қоныс аударады. Бүгінде Астанадағы 923, соның ішінде 265 мемлекеттік, 648 жекеменшік білім  беру ұйымында 400 мыңнан астам бала мен жас өрен тәрбиеленіп, білім алуда. Ел ертеңі – білімді де саналы ұрпақты тәрбиелеу жолындағы маңызды қадамдар мен жетістіктер жарияланып, алдағы жоспар анықталатын Қалалық Тамыз конференциясының пленарлық бөлімі биыл да дәстүрлі түрде өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Салтанатты іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және қаланың білім беру саласының қызметкерлері мен ардагерлері, мәжіліс және мәслихат депутаттары, құқыққорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері  қатысты.

-Елордамызда бала саны жылдан жылға артуда. Былтыр мектепті 14 мың бала бітірген болса, биыл 1-сыныпқа 30 мыңнан астам бала барады. Бұл Астанада жыл сайын 10-15 мектеп салу керек деген сөз. Соңғы үш жылда 46 мектеп және 2 Оқушылар сарайы салынды, биыл 14 жаңа мектеп, жергілікті бюджет күшімен 4 балабақша, 1 Оқушылар сарайы пайдалануға берілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қалада 23 мектеп салынып, іске қосылды. Бұл үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге септік етті. Мәселен 2-3 жыл бұрын елордада 8 үш ауысымды мектеп болса, биылдан бастап сол олқылық жойылды. Алдағы 5 жылда қалада 300-ден астам жаңа білім беру нысаны бой көтермек, – деді қала әкімі.

Одан әрі сөз алған Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, қазір Астанадағы мектепке дейінгі білім беру жүйесінде  66 281 бала тәрбиеленуде. Қалада барлығы 653 балабақша жұмыс істейді, онда 5 мыңнан астам жоғары білікті педагог қызмет атқарады. Осы ретте басқарма басшысы қалада ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізудің арқасында алғаш рет 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту көрсеткіші 100 %-ға жеткенін айтты. Ендігі басты міндеттердің бірі – 2 жастағы балаларға арналған бөбекжай топтарын ашу. Бұл бағытта, әсіресе жекеменшік балабақшалардың әлеуеті мен кадрлық мүмкіндігі жеткілікті екен.

-Мектепке дейінгі ұйымдардағы сапалы жұмыс ата-аналармен тығыз серіктестік пен тұрақты ынтымақтастықты талап етеді. Осы бағытта балабақшалар жанынан ашылған 106 консультациялық пункттің жұмысын атап өтуге болады. Аталған орталықтарда балабақшаға балалары бармайтын бес мыңнан астам ата-анаға кәсіби кеңес пен қолдау көрсетілді. «Тілге бойлау» пилоттық жобасы 20 балабақшада іске асырылуда, жаңа оқу жылынан бастап бұл жоба барлық балабақшалар мен мектепалды даярлық сыныптарына енгізіледі.  Мектепке дейінгі білім берудің тағы бір басым бағыты – психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу. Осы жылы 23 балабақшада инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды, 150-ден астам бала арнайы көмек алуда. Жаңа оқу жылында инклюзивті қолдау кабинеттерінің желісін кеңейту бойынша жұмыстар жалғасын табады, – деді Қ. Сенғазыев.

Бүгінде елордада 310 мыңнан астам бала 203 мектепте, яғни 122 мемлекеттік, 74 жекеменшік және 7 республикалық мектепте білім алуда. Соңғы үш жылда қалада ең өзекті мәселелердің бірі – оқушы орындарының жетіспеушілігін шешуде айтарлықтай прогреске қол жеткізілгенін басқарма басшысы да айтып өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. 2025 жылы екі ауысымдағы 43 744 орындық 14 мектеп (11 мектеп және 3 қосалқы ғимарат) пайдалануға беріледі. Оның ішінде 8 мектеп жаңа оқу жылына, 6 мектеп жыл соңына дейін ашылады. Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес 22 мектепті жаңарту көзделген, биылдың өзінде 6 мектеп толықтай жаңғыртылды. Қала мектептерінің барлығы пәндік кабинеттермен, қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталған.  Қазіргі таңда қосымша 2000 бейнекамера орнатылуда.

Басқарма басшысы дарынды балалармен жұмыстың да елордада жүйелі жолға қойылғанын атап өтті. Қазақстандағы олимпиадалық мектептердің үздік жүздігі ұлттық рейтингінде Астананың 13 мектебі ең мықтылар қатарынан көрінген. Биыл елордалық оқушылар халықаралық және республикалық додаларда 500 медаль жеңіп алған. Ол сонымен қатар инклюзивті білім беру бүгінде барлық деңгейде жүйелі түрде іске асырылып жатқанын жеткізді.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет Басшысы айқындап берген негізгі бағыттардың бірі – «Адал азамат» тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдамада ізгілікті білім берудің ұлттық коды қамтылған. «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыруға кіріспес бұрын Астана қалалық білім басқармасы  бастапқы кезеңде барлық білім беру ұйымдарында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Себебі тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлу, біртұтас тәрбие жұмысын қалыптастыру – биылғы оқу жылындағы негізгі бағыттардың бірі.

-Елордада тәрбие жұмысы бірыңғай күнтізбелер мен мониторингке сүйене отырып, мектеп, отбасы және қоғамды қамтитын жобалар арқылы жүйелі жүргізілуде. Мектеп парламенттері оқушылардың өзін-өзі басқаруының белсенді орталықтарына айналды. Театр қойылымдары арқылы маңызды тақырыптар талқыланып, тәрбие процесінің тиімділігі артуда. Қазіргі таңда басты назарда тұрған жайттардың бірі – мұғалімнің рөлін қоғамда дұрыс қалыптастыру. Мұғалім тек сабақ беруші емес, тұлға қалыптастыратын тәлімгер әрі көшбасшы болуы тиіс.          Тәрбие – білім берудің ажырамас бөлігі, әрбір педагогтың сөзі мен іс-әрекеті балаларға үлгі, – деді басқарма басшысы.

Жиында елорда колледждерін заманауи білім беру инфрақұрылымына айналдыру мақсатында кезең-кезеңмен бейіндеу жұмыстары да баяндалды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде түлектердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етудің негізгі тетігі – дуалды оқыту. Қазіргі таңда 21 колледжде 65 мамандық бойынша 369 кәсіпорынның қатысуымен дуалды оқыту жүзеге асырылуда. Түлектерді жұмыспен қамту мақсатында елордалық колледждерде қала кәсіпорындарының сұранысына сәйкес мақсатты кадр даярлау жүргізілуде және шефтік қолдау ұйымдастырылған.        Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бес мемлекеттік колледжді халықаралық аккредитациядан өткізу жоспарланды. Сонымен қатар студенттер желілік технологиялар мен киберқауіпсіздік бойынша Certiport жүйесі арқылы халықаралық сертификаттарын иеленуде.

Қ. Сенғазыев жаңа оқу жылы қарсаңында елордадағы білім беру жүйесінің алдында тұрған ауқымды міндеттерді де атап өтті.

-Біріншіден, елорданың білім беру ұйымдарында Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық бағытта  пилоттық білім беру жобалары енгізіледі. Екіншіден, оқу процесіне жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізе отырып, барлық мектептерде Codi Play платформасы қолданылады. Бұл бағытта Білім басқармасының бюджетінде қаржыландыру тетіктері қоса қарастырылады. Үшіншіден, барлық деңгейдегі ұйымдарда, соның ішінде  жекеменшік мектептерде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы жалғастырылып, буллингтің алдын алу шаралары айрықша назарға алынады. Төртіншіден, алдағы екі жыл ішінде мектептерді жан-жақты жаңғырту, ескі жиһаз бен жабдықтарды толық ауыстыру жұмыстары толық аяқталады. Бесіншіден, мектептердің әкімшілігіне KPI нәтижелері бойынша қосымша ақы төлеу тетіктері қарастырылады, – деді ол.

Алдағы жаңа оқу жылындағы жаңа міндеттер мен бағыттар айқындалған жиын соңында қала әкімі елорданың білім беру жүйесінің дамуына оң баға беріп, барлық деңгейде жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатқанын, білім беру сапасы артқанын және бұл жұмыстар одан әрі жалғаса беретінін алға тартты.          Конференцияда Астананың білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген ұстаздары мен қызметкерлері «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісімен, Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Солардың бірі аталған төс белгіні алған, қаладағы №33 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фарида Торғаева 37 жылдан бері ұстаздық етіп келеді.

– Биыл қалада жаңадан ашылған оқу орнында «Келешек мектептері» жобасы бойынша жұмысты бастадық. Астанада 2017 жылдан бері еңбек етемін. Өзімнің «Абай шығармаларының функционалдық қызметі» тақырыбында авторлық үздік бағдарламам бар. Сол бойынша оқушылармен жұмыс жүргізіп, балаларға Абай шығармаларымен етене, тереңдете таныстырамын. Мемлекет деңгейінде педагогтер мәртебесі жылдан жылға артып келеді, жалақасы көтерілді. Қазіргі мұғалімдерде еркіндік бар, олар барлық артық жауапкершіліктен босатылды, қағазбастылық жойылды. Балаға таза білім беруге үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Білім беру саласында осындай жағдай жасалған кезеңде тек маңдай теріңді төгіп жұмыс істеу ғана керек, – дейді ол.

Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік филармонияда өткен конференция аясында «Білім берудегі цифрлық серпіліс: адалдық, кәсібилік, инновация» тақырыбында көрме де ұйымдастырылды. Онда білім беру саласындағы жаңа технологиялар, түрлі ресурстар, электрондық зертханалар, ұстаздардың әдістемелік құралдары, оқушылардың жаңа жобалары ұсынылды. Жиынға барлығы 1500 адам, онлайн түрде 20 мың педагог қатысуға мүмкіндік алды. Іс-шара өнерпаз педагогтер мен оқушылардың мерекелік концертіне ұласты.

Райхан Рахметова

Фото: Сұлтан Сейітов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button