Елордалық студент JOLTAP жобасы арқылы сайт әзірлеуді меңгергенін айтты

Астанада тұрғындардың кәсіби дамуына және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы жалғасып жатыр, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Қатысушылардың бір тобы техникалық мамандықтарды меңгеріп жатса, өзгелері заманауи цифрлық бағытты таңдап жатыр. Олардың бірі – елордалық студент Далер Жанбаев. Ол Астана Халықаралық университетінде «Сәулет және дизайн» мамандығы бойынша білім алып жатыр.
«Бұл жоба туралы алғаш рет әлеуметтік желідегі жарнама арқылы білдім. Содан кейін «веб-дизайн» курсына жазылдым. Себебі бұл сала арқылы дизайнның басқа қырларын тереңірек меңгеріп, теориялық және практикалық білімімді жетілдіргім келді», – дейді Далер Жанбаев.
Елордалық студенттің айтуынша, 12 күнге созылған курс қажетті техникамен және құралдармен жабдықталған заманауи кабинетте өткен.
«Сабақтар өте қолайлы, техникалық жағынан толық жабдықталған кабинетте өтті. Оқытушылар үлкен экран арқылы көрнекі құралдарды пайдаланып, барлық материалды жақсы түсіндірді. Біз Tilda платформасында, сол сияқты интерфейспен жұмыс істеуді үйрендік. Курс соңында жеке портфолио жасадық. Жалпы бұл жоба мен ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті», – дейді ол.
Жас дизайнер алдағы уақытта «Графикалық дизайн» және «SMM» курстарына қатысып, цифрлық салалардағы білімін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, JOLTAP жобасы аясындағы қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін түрде қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP.KZ атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланатын болады.