Елордалық спортшылар “Таза Қазақстан ” экоакциясына қатысты

Елорданың жас спортшылары «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында жалпықалалық сенбілікке қатысты. Олардың арасында «Дәулет» теннис орталығының тәрбиеленушілері бар. Өскелең ұрпақ жаттықтырушыларымен және мекеме қызметкерлерімен бірге аумақты тазалап, қоқыс жинап, айналаның тазалығына атсалысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Мұндай акциялар әр адам қаланың тазалығына үлес қоса алатынын сезінуге көмектеседі. Біз тек жаттығып қана қоймай, жауапты азамат болуды үйреніп жатырмыз», – деп атап өтті жас теннисші және сенбілікке қатысушы.
Орталық басшысы Дина Темірғалиева мекемеде тазалық пен тәртіп мәселелеріне көп көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Орталықтың аумағы әрдайым таза, өйткені мұнда спортшылар ғана емес, қала тұрғындары да келеді. Біз балалардың қоршаған ортаға құрметпен қарап өскенін қалаймыз», – деді ол.
Сенбілік мерекелік көңіл күйде өтті, акцияға қатысқан балалар үшін аниматорлар шақырылып, ашық ауада көңілді іс-шара ұйымдастырды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 26 сәуір күні елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» жалпықалалық ауқымды сенбілік өтіп жатыр.
Оған қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және т.б.), еріктілер, мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері, МИБ (ПИК) және өзгелері қатысып жатыр.
Экоакция аясында Астанада нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау және т.б. орындалады. Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды реттеу, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және т.б. өткізіледі.