Елордалық параспортшылар бейімделген ат спортынан үздік нәтиже көрсетті

Өскеменде паралимпиадалық және бейімделген ат спортынан Федерация кубогының IX ашық республикалық чемпионаты өтті. Жарыстар Паралимпиадалық және Арнайы Олимпиада бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, Қазақстанның түрлі өңірлерінен – Маңғыстау, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Риддер және Астана қалаларынан (2 клуб) 45 спортшының басын қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жарысқа елорданың атынан бес параспортшы қатысты. Олардың үшеуі «А» тесті бойынша бастапқы шығу, ал екеуі «В» тесті бойынша өнер көрсетті. Барлығы – «Астана қаласының паралимпиадалық және бейімделген ат спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігінің тәрбиеленушілері. Олар «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінің базасында жаттығады.
Жарыстар 19 бағдарлама бойынша өткізілді. Елордалық спортшылар ерекше нәтиже көрсетіп, 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль және 1 мақтау қағазын жеңіп алды.
Біләл Ахмад пен Әділ Елубай алтын медальға ие болса, Арнұр Дауылбаев күміс, Әмір Райымқұлов қола медаль еншіледі. Жаннұр Жолдасбекова мақтау қағазымен марапатталды.
«Біздің команда мұндай жарыстарға алғаш рет қатысып отыр. Балалардың диагноздары әртүрлі, өмір жолдары да оңай емес. Қимыл-қозғалыстағы қиындықтарына қарамастан, әрқайсысы нағыз батырға айналды. Біз олардың жетістіктерін мақтан етеміз», — деді «Арғымақ» кешенінің жаттықтырушысы, дәрігер-реабилитолог және тәжірибелі иппотерапевт Айгүл Хасенова.