Ел тынысы

Елордалық оқушы шахматтан ел чемпионы атанды

Түркістанда шахматтан ел чемпионаты өтті. 10 күнге созылған ала тақта аламанында еліміздің 20 өңірінен келген зияткерлер түрлі жастағы ел чемпиондарын анықтады. Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Сүлеймен Ерғали Қазақстан чемпионатында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында рапид түрінен жеңіске жетті,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Мен үшін шахмат тек ойын емес, менің сүйікті ісім, ал РФММ — менің сүйікті мектебім. Кішкентай кезімде-ақ мен болашағымды шахматқа арнап, кәсіби деңгейде ойнағым келетінін түсіндім. Осы арманымның ақиқатқа айналуына Республикалық физика-математика мектебі үлкен қолдау білдіреді», — дейді Ерғали.

Ерғали осыған дейін бірнеше мәрте Астана чемпионы атанып, Азия чемпионатында блиц бойынша 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында жеңіске жеткен. 2025 жылы Сүлеймен Ерғали 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында блиц пен рапидтен Әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ өткен жылы ол Лондондағы командалық жарыста блиц бойынша алтын медаль жеңіп алды.

«Шахмат мені ойлауға, шешім қабылдауға және жауапкершілікті сезінуге үйретеді», — деп толықтырады ел чемпионы. Жас спортшы жетістігіне жетуде жаттықтырушылары мен мектебінің қолдауын ерекше атап өтеді. РФММ оған оқуын спорттық мансаппен қатар жүргізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтады.

Бүгінде Сүлеймен Ерғали жаңа мақсаттар қойып, шахматтағы биіктерді бағындыруға ұмтылуда. Оның келесі арманы — гроссмейстер атағына жету, және ол осы жолда табанды еңбек етуде.

Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Момын Мадина да ел чемпионатында екінші орынды еншілеп, қыздар арасындағы жарыста вице-чемпион атанды. Турнир нәтижесі бойынша Ерғали әлемдік жарыстарға баратын Қазақстан құрамасының сапына өтті.

Ел чемпионатының қорытындысына сәйкес командалық есепте Астана қаласының шахматшылары көш бастады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button