Елордалық мектептерде ата-аналарға «Қауіпсіздік сағаты» өткізілді

«Заң және тәртіп» қағидаты және «Қауіпсіздік сағаты» жобасы аясында Астананың мектептерінде ата-аналардың балалар арасындағы буллинг қаупі және оның алдын алу шаралары туралы хабардарлығын арттыру мақсатында арнайы жиналыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Олардың бірі М. Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясында өтті. Кездесу барысында қатысушылар бүгінгі күні оқушыларға төнетін өзекті қауіптерді – буллинг пен кибербуллингтен бастап жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтарға дейін талқылады.
Іс-шараға Білім басқармасы, жасөспірімдер полициясы, Психологиялық қолдау орталығы және Сарыарқа аудандық Ата-аналар кеңесі өкілдері қатысты.
Ата-аналарға құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары, буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылық және басқа да қауіптерге әрекет ету алгоритмдері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, баланың бос уақытын бақылау, оның ортасы, интернеттегі белсенділігі және үй мен көшедегі қауіпсіздік ережелерін сақтау маңыздылығы талқыланды.
Кездесу барысында отбасылық тәрбиенің рөліне ерекше назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, өмірлік құндылықтардың негізі үйде қалыптасады: жеке үлгі, қарым-қатынас мәдениеті және ересектердің сыйластық қарым-қатынасы балаларда тұрақты мінез-құлық үлгілерін қалыптастырады.
Ата-аналар балалармен қарым-қатынасын нығайтуы, алаңдаушылық туғызатын белгілерді уақытында байқауы және қиындық туындаған жағдайда мамандарға жүгінуі қажет.
Қатысушыларға 111 сенім телефоныны жұмыс істейтіні ескертілді, оған кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі бойынша көмек немесе кеңес алу үшін хабарласуға болады.
Іс-шара балалардың өздері дайындаған отбасы тақырыбындағы бейнеролик көрсетілімімен аяқталды. Бұл қазіргі оқушылардың қауіпсіз және қолдаушы ортаны қалыптастыруға белсенді қатысатынын көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тұрақты өткізілетін «Қауіпсіздік сағаты» алдын алу жұмысын күшейтеді, ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттырады және балалардың тез дамып келе жатқан цифрлық ортада қауіпсіз өсуі мен дамуы үшін қолайлы жағдай жасайды.



