Елордалық мектепте есірткіге қарсы фестиваль өтті

Елордадағы №91 мектеп-гимназиясының базасында Халықаралық есірткіге қарсы күрес және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған «Таңдау кеңістігі: тәуелділіксіз өмір» атты фестиваль өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестивальге еріктілер мен мектеп жанындағы лагерьдің балалары жиналды. Бағдарлама аясында «Біз – өмірді таңдаймыз!» флешмобы, спорт алаңындағы квест, викторина және жасөспірім ағзасына есірткінің зияны туралы танымдық дәріс ұйымдастырылды. Іс-шараның соңында пайдалы ұлттық өнім туралы шеберлік сабағы өтті.
Есірткіге қарсы күреске арналған іс-шаралар жоспары аясында қаладағы барлық білім беру ұйымында тақырыптық кездесулер өткізіліп жатыр.
«Іс-шара мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілеріне арналды. Олар – мектептің еріктілері мен жазғы лагерьде демалып жатқан балалар. Олар үшін есірткіге қарсы бейнероликтер көрсетіліп, спорт алаңында флешмобтар мен квесттер ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар «Астана – есірткісіз қала» айлығы аясында қаламыздағы барлық білім беру ұйымында өткізіліп жатыр. Осы уақыт ішінде квестер, дебаттар, саябақтарда «Астана – есірткісіз қала» деген жазуы бар трафареттерді бояу акциясы, дәрістер, викториналар мен интерактивті ойындар ұйымдастырылды. Бұл – алдын алу және ақпараттандыруға бағытталған ауқымды іс-шаралар», – деді Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова.