Қоғам

Елордалық мектепте экологиялық мәдениет тақырыбында іс-шара өтті

Астанадағы Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде «Оқушылардың экологиялық мәдениеті: қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу» тақырыбында 8-9-сыныптарға арналған ақпараттық-тәрбиелік іс-шара өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бұл іс-шарада елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік экологиялық бастамалар, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы маңызды шаралар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, экологиялық сауаттылықты арттырудың тиімді жолдары туралы талқыланды.

Іс-шара барысында қоқысты сұрыптау мәдениеті, пластик, қағаз, әйнек және металл қалдықтарының қайта өңдеуге жарамдылығы, тұрмыста экологиялық әдеттерді енгізу сияқты тақырыптар қамтылды.

Мектеп оқушыларына 9-сынып оқушылары дайындаған «Қалдықтарға екінші өмір сыйла» жобасы таныстырылды.

«Бүгін біздің мектебімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде, «Таза Қазақстан» жобасы аясында оқушылар арасында «Экологиялық мәдениетті қалыптастыру» аптасы жүріп жатыр. Бұл іс-шараға оқушыларымыз аса үлкен қызығушылық танытып отыр. Өткен аптада ата-аналармен жиналыс болды. Ата-аналардың алдында да оқушыларды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағдарлау бойынша жұмыс жүргіздік. Олар өздерінің осы бастаманы қолдайтынын көрсетіп, пластик қалдықтарын жинап, айналаны таза ұстауға атсалысқанын баса айтқым келеді. Жалпы біздің мектебімізде экологиялық мәдениет, экологиялық сауаттылық сабақтарға да енгізіліп отыр. Мектептегі пән мұғалімдері осы экологиялық тәрбиені өз пәндерімен сабақтастырып жатыр. Біздің мектеп ретіндегі мақсатымыз – оқушыларды адалдыққа, тазалыққа, өз Отанын сүюге бағыттау» – деді мектеп директоры Оразгүл Жолдасбекова.

Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің белсенді оқушыларының бірі, мектеп президенті Сәлима Тәжібай экологиялық мәдениеттің негізі патриотизм мен Отанға деген махаббатта жатыр дейді.

Сөзінше, Отаныңды жақсы көру айналаңды таза ұстаудан басталад-ы.

«Мен – осы мектептің президентімін, сондай-ақ Астана қалалық «Жас көшбасшылар клубының» мүшесімін, волонтерлікпен айналысамын.

Мектеп президенті ретінде эко-quiz ұйымдастардым. Оған мектептің парламенті құрамындағы оқушылар қатысты. Олар экологиялық мәдениет тақырыбындағы викториналық сұрақтарға жауап берді. Менің ойымша, әрбір қазақстандық өз Отанының патриоты ретінде айналасын таза ұстауы керек, ауаның, табиғаттың ластануына жол бермеуі керек», – деді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button