
Ішкі істер органдары саласында қылмысты ашу мен тергеудің ғылыми әдістемесінің негізін қалыптастыруда криминалистиканың алар орны ерекше. Криминалистік әдістер мен құралдарды қолдану, дәлелдемелерді анықтау, жинау және бекіту зерттеу сапасын арттырып, қылмыстық істер бойынша заңды әрі негізгі шешім қабылдауға ықпал етеді. Астана қалалық Полиция департаменті Жедел криминалистика басқармасының бас криминалисі, полиция подполковнигі Сұңғат Жаншуақовтың айтуынша, қазіргі таңда елордада барлығы 134 криминалист бар.
Соның ішінде аталған басқармада 17 криминалист маман еңбек етеді. Олардың міндеттері – криминалистік есептер жүргізу, оқиға орнына барып, сол жерді фото-бейнекамераға түсіру, айғақ заттарды іздеу, оларды алу және әрі қарай қылмысты ашу мақсатында қолдану. Криминалист маман болу үшін арнайы курстар оқып, зерттеуге рұқсат қағаз алу керек. Қарағанды қаласындағы ІІМ академиясында криминалистика факультеті бар, онда курсанттар 4 жыл оқиды. Ал Сұңғат Жаншуақов 2010 жылы Алматы қаласы ІІМ академиясын бітіріп, еңбек жолын Астана қаласы Есіл ауданы Жедел криминалистика тобында бастаған. 2016 жылдан бері қазіргі басқармада қызмет етеді.
– 2025 жылы Астана қаласы ЖК бөліністері криминалистері 250 қаруға зерттеу жүргізді. Соның ішінде 32 қару нөмірсіз қару санатына жатады. Нөмірсіз қару дегеніміз – нөмір белгілері механикалық жолмен жойылған қарулар. Қылмыскерлер оны бастапқы шығу тегін анықтай алмау үшін әдейі жояды. Ол қарулар жоғалған, ұрланған болуы мүмкін. Мәселен, қарулардың ішінен, атап айтқанда, ПМ тапаншасы болған, оның нөмірлері химиялық жолмен қалпына келтірілді. Ол қару 2022 жылғы жаппай тәртіпсіздік кезінде Жамбыл облысы ПД-дан ұрланғаны анықталды. Тағы бір ТТ тапаншасының нөмірін анықтағанда, Ресейдегі әскери бөлімнен ұрланғаны белгілі болды, – дейді С.Жаншуақов.
Биыл наурыздың басында Қазақстанның криминалистика қызметінің құрылғанына 107 жыл толды. Өткен жылы ел бойынша криминалистер 6600-ден астам оқиға болған жерді қарауға және 6500-ден астам өзге де тергеу әрекетіне қатысып, 5231 зерттеу жүргізді және шамамен 1000 қылмыстың ашылуына ықпал етті. Атаулы күнге орай Астана қаласы Полиция департаментінде криминалистика қызметінің дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер марапатталған еді. Сонда Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев криминалист мамандығы жоғары кәсіби дайындықты ғана емес, үлкен жауапкершілікті де талап ететінін, әрбір қылмыстық іс криминалист мамандардың тыңғылықты жұмысынан басталатынын атап өтті. Тек кәсіби маман ғана байқай алатын әрбір із, әрбір ұсақ-түйек ақиқатты анықтаудың негізіне айналады. Бүгінгі таңда криминалистика саласы күннен-күнге технология тұрғысынан дамып келеді, алайда оның басты ресурсы – адамдар, яғни олардың білімі, табандылығы, кәсібилігі мен қызметке адалдығы.
Райхан РАХМЕТОВА



