Ел тынысы

Елордалық депутаттар жаңа Конституция жобасын талқылады

Бүгін Астана қалалық мәслихатының депутаттары Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа  жобасын талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

 

Мәслихат төрағасы Табиғат Қабденұлы Конституцияны қарау бойынша комиссия мүшесі ретінде 6 күнге созылған жұмыстың қыр- сырымен бөлісті. Ол Конституцияның 84 пайызы жаңартылып, 77 бабына өзгертулер енгізілгенін жеткізді.

-Бұл — мемлекеттік жүйені жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Ұсынылып отырған реформа азаматтардың құқықтарын нығайтуға, әділеттілік пен биліктің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталған. Жобаны әзірлеу барысында азаматтардың, сарапшылардың, бизнес өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары ескерілді. Конституциялық комиссия құрамына заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар, сонымен қатар азаматтық қоғам, мәдениет және бизнес саласының өкілдері енді. Мұндай құрам мәтінді талқылауға жан-жақты әрі кәсіби тұрғыдан қарауға мүмкіндік берді. Өз сөзімде жобаны әзірлеу үдерісі барынша ашық өткенін атап өттім. Комиссия отырыстары жария форматта ұйымдастырылып, онлайн трансляциялар жүргізілді, цифрлық платформаларда талқылаулар өткізілді. Бұл азаматтарға жұмыстың барысын бақылауға және негізгі шешімдердің қалай қабылданатынын түсінуге мүмкіндік берді. Аталған тәсіл «Естуші мемлекет» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі болды. Пікір алмасу барысында депутаттар ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты — адам және оның құқықтары екенін атап өтті. Конституция жобасы өмір сүру сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ демократиялық институттар мен билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған, — дейді Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнулқабден.

Мәслихат депутаты Кендебай Адамбек те жаңа заң жобасына қатысты пікірін білдірді.

-Қазақ ұлтына сакралды мәселелер тіл мен жер туралы баптар бұрынғы редакцияда қалды.

Қазақ тілі — мемлекеттік тіл, жер шетелдіктерге жеке меншікке сатылмайды. Бұдан басқа Бас прокуратураның міндеттері айқындалып бекітілді. Соттардың тәуелсіздігі тайға таңба басқандай жазылды

Миранда ережесі енді тек қана қылмыс үшін жауапқа тартылушыларға ғана емес, кез келген қүқықтық әрекеттерге түскен азаматқа да жайылады. Яғни құқық қызметкері қамаққа уақытша алар алдында, азаматқа қандай баппен жауапқа тартылып жатқанын жеткізеді. Заңгер не адвокаттың көмегі бірден беріледі. Үшіншіден өзіне қарсы ақпарат беруден бас тарту құқығы айтылады, — дейді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button