Елордадағы ескі үйлер жаңарады

Қалалық мәслихат депутаттары елорданың сәулеттік келбетін жақсарту бағдарламасына енгізілген тұрғын үйлерге барып, атқарылған жұмыстардың сапасын тексерді.
Тізімге өткен ғасырдың 80-90 жылдары салынған Конституция көшесі, 14/1; Сембинов көшесі, 10/1; және Күйші Дина көшесі, 5/1 мекенжайындағы үш үй енген.
Бағдарлама елорданың тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Оның операторы – «Өркен қала» ЖШС. «Ережеге сәйкес, қажетті жұмыс түрлерін тұрғындардың өздері айқындайды, ал мердігер ұйым атқарылған жұмыстарға екі жылдық кепілдік береді. Тексеру барысында екі нысанда (Сембинов көшесі, 10/1 және Күйші Дина көшесі, 5/1) жүргізілген жөндеу жұмыстары сапалы орындалғаны және белгіленген стандарттарға сәйкес келетіні анықталды. Ал Конституция көшесіндегі 14/1 үйде сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарына қатысты ескертулер жасалды. Дегенмен, үйішілік инженерлік желілерді ауыстыру және жертөле жайларын жөндеу толық көлемде атқарылып, ешқандай сын-ескертпесіз қабылданды» деп мәлімдеді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
Аралау қорытындысы бойынша, тиісті ұсыныстар әзірлеу үшін қалалық мәслихаттың тұрақты профильдік комиссиясының отырысын өткізу жөнінде шешім қабылданды.