Елордада “Жастарға жұмыс” бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Астанада «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты “Жастарға жұмыс” бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қала әкімдігінің қолдауымен өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жәрмеңкеге 3000-ға жуық адам қатысты. 70-тен астам кәсіпорын, соның ішінде ұлттық компаниялар да өз вакансияларын, яғни 1000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Қатысушылар қатарында «KEGOC» АҚ, «Қазахтелеком» АҚ, «DAR RAIL» ЖШС, «Home Credit Bank» АҚ, «Integra Construction KZ» ЖШС, «Қазмедиа орталығы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Қазпошта» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, Astana Hub сияқты ірі компаниялар бар.
Жәрмеңке «Бір терезе» қағидаты бойынша өтті. Қатысушылар жұмыс табумен қатар мемлекеттік бағдарламалар бойынша да кеңес алды. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», ипотекалық несиелер, сондай-ақ NEET санатындағы жастарға арналған JOLTAP жобасы туралы ақпараттар берілді.
-Жәрмеңкеге мектеп түлектерін де шақырдық. Себебі олар осы арқылы болашақ мамандығын таңдауда бағыт-бағдар алып, мамандығын дұрыс таңдау мүмкіндігіне ие болады. Жұмыс берушілермен танысып, қай жерде қандай жұмыс бар екенін біледі. Жұмыс тәжірибесі жоқ, оқуын енді бітірген мамандарға да мемлекет тарапынан қолдау үлкен. “Жастар практикасы” бағдарламасы арқылы оларға жұмыс беруші тарапынан емес, мемлекет тарапынан жалақы төленеді. Жалпы осы жылы біз осындай 6 үлкен жәрмеңке өткіздік. Соның нәтижесінде елордада 500-ге жуық адам жұмысқа орналасты, – дейді “Еңбек мобильділігі” орталығының директоры Олжас Омар.
Сонымен бірге іс-шара барысында өңірлерге қоныс аудару және тұрғын үй мәселелері де қаралды. Павлодар және Ұлытау облыстарына көшуге ниет білдірген азаматтар үшін арнайы консультациялар ұйымдастырылып, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдау және тұрмыс жағдайлары туралы толық ақпарат берілді. «Отбасы банк» өкілдері жұмысшы жастарға арналған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу мүмкіндіктерін таныстырды.
-Биыл Еуразия ұлттық университетін ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша тәмамдадым. Жәрмеңкеге өзіме лайықты жұмыс немесе тағылымдамадан өтетін жер табу үшін келдім. Көптеген танымал компаниялар бос жұмыс орындарын ұсынып отыр екен. Біразымен сөйлесіп, ақпарат алдық, олар сайты мен электронды поштасын беріп, түйіндеме жіберуімізді өтінді. Одан әрі көңілінен шықса бізді әңгімелесуге шақырады. Жалақы көлемін де сол кезде айтады. Алайда мен үшін әзірге тәжірибе жинақтап алғанға дейін қанша жалақы алатыным маңызды емес, бастысы – тәжірибе жинақтап, білікті маман болу, ал еңбек ақы көлемі жағынан кейін талабымды күшейтемін, – дейді Дарина Бекова есімді елордалық ару.
Соңғы екі жылда «Жастарға жұмыс» жобасы аясында 1,5 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 150 мыңға жуық жас қамтылды. 200-ге жуық жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 55 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты. Мобильді топтар шалғай ауылдарға барып, 150-ден астам елді мекенде 55 мың адамға кеңес берді. Жоба ел Президентінің 2029 жылға дейін кемінде 2,3 млн жасты жұмыспен қамту жөніндегі стратегиялық мақсатына сәйкес жүзеге асырылуда. Мұндай жәрмеңкелер соңғы үш жылда еліміздің 20 аймағында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде елімізде 30 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасты.
Жәрмеңке жастар мен бизнес арасындағы тікелей диалог алаңына айналып, жас мамандарға нақты экономика секторында өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік берді.