Қоғам

Елордада жастарға арнап әлеуметтік драма ұсынылды

Астанадағы «Жастар» театрының сахнасында көрерменге «Соңғы аялдама» атты әлеуметтік трагедия қойылымы ұсынылды, деп мәлімдеді astana-akshamy.kz.

Қоғам үшін аса өзекті тақырып – есірткіге тәуелділік мәселесін көтеретін бұл қойылым Рақымжан Отарбаевтың 2000 жылдары жазған «Нашақор жайлы новелла» пьесасының желісімен сахналанды. Арада ширек ғасыр өтсе де, көтерілген мәселе әлі де өзекті болып саналады.

Қойылымды қазіргі заманға бейімдеп, бүгінгі жастардың тілімен қайта жандандырып отырған режиссер – Нұрфат Уахитов.

«Бұл – тек кейіпкердің ішкі күйзелісін көрсету емес, бүтін бір әлеуметтік трагедияны жеткізу. Есірткі мәселесі уақыт өткен сайын түрленіп, күрделеніп барады. Біз осы шындықты жастардың өз тілімен айтып, олардың санасына әсер етуді көздедік. Бұл жолы сахнадан жай сөз емес, жан дауысы айтылып тұр», – дейді режиссер.

Шығарма Астана қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен қалалық Мәдениет басқармасының бастамасымен жүзеге асырылуда. Қойылым «Астана – есірткісіз қала» атты қалалық жоспар, «Заң мен тәртіп» қағидаты мен 26 маусым – Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне арналған профилактикалық айлық аясында өтіп жатыр.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы бұл бастаманың аясында тек дәстүрлі түсіндіру жұмыстары емес, өнер арқылы да жастарға әсер етуді көздейтін шаралар қолға алынғанын айтты.

«Бұл – біздің ведомствоаралық штабтың бастамасымен қолға алынған жобалардың бірі. Мақсатымыз – профилактикалық жұмыстарды тек мектептерде немесе дәрістер түрінде ғана емес, шығармашылық формада да жүргізу. Театр – соның ең тиімді тәсілдерінің бірі. Қойылым арқылы есірткіге тәуелді адамдардың күйін, оның салдарын, психологиялық және әлеуметтік зардабын актерлердің ойыны арқылы жеткізуді ұйғардық. Бұл жолы қойылым қазақ тілінде өтуде. Бұған дейін орыс тілінде «Независимые» спектаклі қойылып, оң бағасын алған болатын», – дейді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button