Елордада жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуға арналған форум өтті

Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Astana IT University» базасында «Астана – есірткісіз қала» атты антинаркотикалық форум өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны елордалық Полиция департаменті мен «Astana IT University» бірлесіп ұйымдастырды.
«Форумның мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жасау, жастардың өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру. Мұнда Полиция департаменті жанындағы Құқықбұзушылықтардың алдын алу кеңесінің жұмысына ерекше назар аударылды. Жыл бойы осындай іс-шараларды елорданың мектептерінде, колледждерінде, жоғары оқу орындарында өткізу жоспарланып отыр. Кездесулер, дәрістер ұйымдастырылады, сондай-ақ жастардың қатысуымен интерактивті форматтар қолданылады», – деп хабарлады Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров.

Форум жұмысына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, наркологиялық қызмет дәрігерлері, депутаттар, қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар, белгілі блогерлер қатысты.
«Мен – Құқықбұзушылықтардың алдын алу кеңесінің мүшесімін, бұл жұмыспен 15 жылдан бері айналысып келеміз, есірткіге қатысты граффитилерді бояп өшіреміз, жастармен кездесулер өткіземіз. Жастардың әрқайсысының өзі қызығатын бағыты бар. Мен, мысалы, автомотоспорт сияқты техникалық спорт түрімен айналысуды ұсынамын. Мұнда жарыс та бар, жөндеу де бар, көлік құрастыру да бар. Бұл – салауатты өмір салты, қызықты хобби әрі уақытты пайдалы өткізу дер едім», – деді ҚР Автомотоспорт федерациясының президенті Анатолий Бондарь.
Жиынға ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин қатысып, өз ойын былайша жеткізді:
«Мен бұл жобаға жақында қосылдым және оны аса қажет іс деп санаймын. Өскелең ұрпаққа өмірде жақсы нәрсе көп екенін, лайықты мақсат қою керек екенін, спортпен айналысу, нашақорлық пен есірткі қылмысы сияқты деструктивті құбылыстардан аулақ болу және оларға қарсы күресу қажет екенін айту – менің азаматтық парызым», – деді Илья Ильин.
Форум барысында оқушыларға заманауи атыс қаруының көрмесі, кинологтардың және қызметтік иттердің жұмысы көрсетілді.



