Елордада волонтерлер әлеуметтік акция өткізді

Елордада тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта қалада түрлі профилактикалық іс-шаралар – кездесулер, акциялар, дәрістер ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Солардың бірі қала көшелерінде өтті. Іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Волонтерлер астаналықтарға лудомания проблемасының өзектілігін тағы бір мәрте еске салды. Адам көп жиналатын орындарда тұрғындарға лудоманияның алғашқы белгілері және оның адам өміріне тигізетін кері әсері туралы ақпарат жазылған буклеттер таратты.
«Біз кезекті рет қала тұрғындарына ақпараттық брошюралар тараттық. Онда құмар ойындардың психологиялық және қаржылық зияны, тәуелділіктің алғашқы белгілері, сондай-ақ көмекке қайда жүгінуге болатыны көрсетілген. Біз жастар мен ересектердің тәуекелдер туралы білгенін, тәуелділікті дер кезінде танып, тоқтата алуын қалаймыз. Біздің мақсатымыз – ойынға тәуелділіктен ада, салауатты әрі жауапты қоғам қалыптастыру», — деді «Астана жастары» ЖРО-ның маманы Алуа Балтабаева.
Волонтерлердің айтуынша, ойынға тәуелділік адамдарды кедейлікке, банкроттыққа әкеліп қана қоймай, олардың психикалық денсаулығын, туыстарымен және отбасымен байланысын да бұзады.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да құқықтық ағартушылық шараларын жалғастыратынын, қоғамда лудоманияның зиянды әсерін барынша көп адамға жеткізуді көздейтінін атап өтті.