Елорда тынысы

Елордада ССС-4, газбен жұмыс істейтін жылу станциялары және КТҚ-2 салынып жатыр

Елордада инфрақұрылымды дамыту мақсатында тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің бірқатар нысаны салынып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл нысандар қаланың жылу және электр қуатын, сондай-ақ сумен қамту мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған дейін сорғы-сүзгі станциясы (ССС-3), газбен жұмыс істейтін жылу станциялары, электр қосалқы станциясы және басқа да нысандар салынып, пайдалануға берілген болатын. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Осыған дейін үшінші ауыз су станциясының (ССС‑3) және Астана су қоймасынан тартылған екінші су құбыры желісі құрылысының аяқталуы нәтижесінде қалаға тәулігіне қосымша 100 мың куб метрден астам ауыз су жеткізілді. Қазіргі уақытта профицит көлемі тәулігіне 60 мың куб метрден асады. Биыл ССС‑4 станциясының құрылысы басталды, ол қаланы алдағы онжылдықтар бойы тұрақты сумен қамтамасыз ететін болады (ары қарай ССС‑3 станциясын кеңейту жоспарланып отыр).

Сонымен қатар кәріз-тазарту құрылысының (КТҚ-1) қуаты ұлғайтылуда, сол сияқты КТҚ-2 құрылысы басталды. Сондай-ақ қалада Көктал, Өндіріс елді мекендерінде және Индустриялық паркте жергілікті тазарту құрылысын салу жобаларын іске асыру қолға алынды. Аталған жобаларды 2028-2029 жж дейін аяқтау жоспарланып отыр, нәтижесінде су бұру мәселесі толық шешіледі.

«Жаңа жылу көздерін іске қосу нәтижесінде жылу жүйесінің қуаты 34%-ға артты, артық қуат көлемі сағатына 500 гигакалорияны құрайды. Қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Мәселен, бүгінгі күні ауа температурасы -20°C болған кезде жылу қорының профицит мөлшері сағатына 1500 Гкал/сағ жетіп отыр.

Жылу қуатын сақтау үшін «Телман» жаңа газ жылу станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ЖЭО-2-ні кеңейтуге дайындық басталып, ЖЭО-3-тің екінші кезегін жобалау жұмысы қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорданы газдандыру жұмысы аяқталуға жақын. Қамту деңгейі 95%-ға жетті, газ 14 елді мекенге тартылды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 100%-ға жеткіземіз», – деп атап өтті Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button