Елордада “Сөзмерген-2025” анықталды

Астанадағы «Жастар» театрында Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Сөзмерген-2025» атты қалалық шешендік өнер сайысы өтті. Сөз додасына журналистер, баспасөз хатшылары, мектеп мұғалімдері, мәдени мекеме қызметкерлері мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған 15-ке жуық адам қатысып, бақ сынады.
Жастардың мемлекеттік тілді жетік білуіне және насихаттауына ықпал етіп, шешендік өнер арқылы студенттердің, әр салада қызмет ететін жастардың тұлғалық өсуіне сеп болуды, сондай-ақ жүйелі сөйлеу дағдысы мен сөйлеу шеберлігін шыңдауды, сөз құндылығын бағалауға, тарихи-мәдени және ұлттық болмысын тануға, этномәдени тәрбие беруді көздеген байқау төрт кезеңнен тұратын сахналық сайыс форматында ұйымдастырылды.
Сөз майталмандарына арнайы қазылар құрамы бағы берді. Олардың қатарында белгілі қаламгер, журналист-этнограф Бекен Қайратұлы, «Жайдарман» жобасының жетекшісі Есен Елеукен, ақын, «Жастар» театры директорының орынбасары Мақпал Мыса, Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті кітап ісі басқармасының сарапшысы Айбала Бекмұханбет, журналист, медиа-менеджер Мәди Манатбек болды.
Жарыс төрт кезеңнен тұрды. «Мен, мен, мен едім…» тақырыбындағы алғашқы кезеңде қатысушылар жеребе арқылы таңдалып, реттік нөмірі бойынша өнер көрсетті. Ал «Ділмар» атты екінші кезеңде экрандағы ұяшықтан таңдаған тақырыпқа сөз сөйлеп, ой-пікірін ортаға салды. Үшінші кезең – «Тобықтай түйін». Мұнда алдыңғы кезеңнен ең жоғары ұпай алған 4 адам бақ сынап, әлеуметтік желідегі дауды бір ауыз сөбен шешті. «Жиреншенің жолы» атты ақтық кезеңде жартылай финалдан өткен 2 үміткер сөз саптаудан жекпе-жекке түсті. Нәтижесінде Ықылас Ожай мен Жанболат Шәкім соңғы айналымға өтіп, қазақтың жолымен Жанболат Шәкім Ықылас Ожайға жолын беріп, бас жүлде ретінде тігілген 300 мың теңге соңғысына бұйырды. Ал бірінші орынды Жанболат Шәкім (200 мың теңге), екінші орын Қабиден Қуанышбай, Бағлан Оразалы (100 мың теңгеден), үшінші орынды Ардаби Мәуліт пен Бекзат Құлшар (75 мың теңгеден) иеленді.
Шапағат Әбдір