Елордада қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптары сақталған ба?

Астанада қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған көшпелі түсіндіру іс-шаралары жалғасуда. Жұмыс қала бойынша Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) мен аудандық әкімдіктердің бірлесуімен өтіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – өртке байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және профилактика жүргізу. Тексеру барысында электр сымдарының жағдайына, желдету және сорғы-тазарту жүйелерінің жарамдылығына, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы мен жарамдылығына ерекше назар аударылады.
Мамандар қаладағы алты аудан аумағында орналасқан 80-нен астам қоғамдық тамақтану нысанын тексерді.
«Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қала әкімдігімен бірлесіп дөнер, тандыр павильондары мен өзге де қоғамдық тамақтану орындарында профилактикалық рейдтер өткізуде. Іс-шараның басты мақсаты – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейту және алдын алу жұмыстарын жүргізу. Рейд барысында газ және электр жабдықтарының қауіпсіздігі, сондай-ақ өрт сөндіру құралдарының бар-жоғы мен жарамдылығы тексеріледі. Бұл шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Ғабит Бабаев.



