Елордада психологтар форумы өтті

Астанада ІІ Халықаралық психологтар форумы өтті. Іс-шараны «El Umiti» корпоративтік қоры Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Форумда Еуропа, Азия және Қазақстаннан жиналған жетекші психологтар, педагогтер мен сарапшылардың бас қосты. Басты мақсат – балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығын қолдауға бағытталған тиімді әдістерді талқылап, тәжірибе алмасу.
Жиын басында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан сөз алып, форумның мән-маңызына тоқталды.
– Бүгінде психология – адам мен қоғам туралы ғылымдардың ішіндегі аса маңызды орын алатын сала. Балалармен жұмыс істейтін педагог-психологтар осы үрдістердің алдыңғы шебінде тұр. Олар жас жеткіншектерге өздерінің ішкі әлеуетін ашуға, қиындықтарды жеңуге, өзін және айналасындағы адамдарға түсіндіруге, түсінуге көмектеседі. Біз білім беру кеңістігінде психологиялық қолдаудың маңыздылығының артып келе жатқандығына куә болудамыз. Бұл – баланың психикасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Былтыр білім беру жүйесінде 8000 педагог-психолог жұмыс істесе, биыл олардың саны 10 мыңға жеткен. Яғни педагог-психологтар санының артып, әлеуетінің көбею үрдісі байқалады. Барлық өңірде балаларды психологиялық қолдауға арналған 20 орталық ашылды. Олар педагог-психологтардың жұмысын үйлестіріп, балаларға шұғыл консультация жүргізуді қамтамасыз етеді, – деді вице-министр.
Екі күнге созылған форум бағдарламасы алуан түрлі бағыттарды қамтыды. Олардың қатарында балалардың қабілетін анықтауға арналған заманауи психотехнологиялар, еңбек нарығына бейімделген кәсіби бағдарлау, баланың әлеуетін ашудағы отбасының рөлі және инклюзивті білім берудің үздік тәжірибелері секілді мәселелер айтылды.
Пленарлық отырыстар мен тақырыптық сессиялардан бөлек, қатысушылар шеберлік сабақтар мен crunch-сессияларға да қатысты. Форумға еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден астам маман келді. Олардың қатарында өңірлік білім басқармаларының өкілдері, мектеп психологтары, халықаралық ұйымдардың сарапшылары және «Дарын» орталықтарының директорлары бар.