Елордада прокуратура өкілдері жемқорлыққа қатысты профилактикалық кездесу өткізді

Астана қаласының прокуратура қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мемлекеттік мектептер директорлары мен бас бухгалтерлеріне білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселесі бойынша профилактикалық кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Білім беру саласы – ерекше әлеуметтік сала, онда кез келген сыбайлас жемқорлық көріністер тек бюджетке ғана емес, сонымен қатар қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіреді», делінген хабарламада.

Кездесу барысында бюджет қаражатын жымқыру және лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалануыға қатысты қылмыстық-құқықтық тәуекелдер түсіндіріліп, сот тәжірибесінен мысалдар келтірілді. Сондай-ақ қаржылық бақылауды күшейту және Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтау бойынша ұсынымдар берілді.
Осындай кездесуді өткізу сыбайлас жемқорлыққа деген нөлдік төзімділікті қалыптастыруға, қаржылық тәртіпті нығайтуға және білім беру саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.



