Елордада орталық көшелердегі үйлерге мемлекеттік ту ілінді

Қазақстанда жыл сайын 4 маусымда атап өтілетін Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Туымыз – төрімізде!» акциясы аясында орталық көшелердегі үйлер ел туымен безендірілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz..
Осылайша, Астананың алты ауданында Республика даңғылы, Бауыржан Момышұлы, Мәңгілік Ел, Тұран көшелері, Р.Қошқарбаев көшесі, «Түркістан» тұрғын үй кешені және басқа да орталық көшелерде 500-ден астам ту балкондар мен үйлердің қасбетін сәндеді.
Акция «Жастар Рухы» жастарының қолдауымен өтті. Астана тұрғындарына патриоттық акцияға қатысып, туған жерге деген сүйіспеншілігін негізгі мемлекеттік рәміз – ту арқылы білдіруге шақырылды.
«Біз үшін жастардың мемлекеттік рәміздерді білуі және онымен мақтануы маңызды. Бұл акция – патриотизм идеясы мен туған елге құрметті біріктірудің бір жолы», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Арсланбек Магзум.
«Жастар Рухы» активистері мұндай бастамалар жастардың патриоттық сезімін тәрбиелеуге және өз елдеріне деген мақтанышты қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Олар акцияға қатысқан жандарға алғыс білдіріп, мұндай шаралардың болашақта да жалғасатынын айтты.
Айта кетейік, мемлекеттік тумен безендірілген үйлердің тұрғындары «Туымыз – төрімізде» акциясын жылы қабылдады.
«Бұл – өте керемет акция, ол мемлекеттік туымыздың танымал болуына және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді», – деді Байқоңыр ауданының бір тұрғыны.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР мемлекеттік рәміздерін орналастыру ережелеріне сәйкес, азаматтар патриоттық сезімін білдіру және ұлттық жетістіктерді қолдау мақсатында өз үйлерінің ғимараттары мен балкондарына мемлекеттік туды қолдануға құқылы. Сонымен бірге мемлекеттік рәміздерді қолдануда белгіленген стандарттарды сақтау қажет.
Ең басты талап – мемлекеттік рәміздердің стандарттарына сай болуы. Яғни, ту жыртылмаған болуы тиіс, сол сияқты оны шегелермен қағуға, қайшымен кесуге және т.б. болмайды.