Елордада «МЮЗИКЛ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ» өтті

«ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры оныншы маусымдық кезеңді атап өту мерейтойына орай «МЮЗИКЛ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ» атты арнайы мерекелік кеш өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кеш барысында танымал мюзиклдерден таңдалып алынған ең үздік көріністер, сахна шеберлерінің қатысуымен өтетін ерекше қойылымдар, керемет хореографиялар мен естен кетпес музыкалық тосынсыйлар ұсынылды.
Атап айтқанда, көрермен «Достар серті», «Роза Бағланова», «Алдар көсе» және әлемге әйгілі «Moana», «Mamma Mia», «Мemphis», «Season of love», «Waitress», «Hamilton», «Moulin Rouge», «Romeo and Juliet», «Beauty and the Beast», «Notre Dame de Paris», «Aladdin» сынды мюзиклдардың ең әсерлі сәттерін тамашалады.
«Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрының көркемдік жетекшісі — Есләм Нұртазин. Қойылымның режиссеры – Айдар Ақыпбаев.
Театр репертуарында бұдан бөлек «Астана — менің махаббатым», спектаклі, балаларға арналған «Ер Төстік» ертегісі, «Жырлайды жүрек», «Мен сағындым…» поэтикалық спектакльдері, «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі, Рэй Кунидің әйгілі «№13» комедиясы, «Шаңырақ» эксперименталды музыкалық перформанс, «Сиқырлы сазды хор-концерт», «Сынақ» драмасы, «COVID-19» перформансы қойылымдары бар.
«ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры он жылға жуық уақыт ішінде батыл идеяларымен, жарқын қойылымдарымен ерекшеленіп, заманауи өнердің символына айналды. Әлемдік мюзиклдер «Ромео мен Джульетта» және «Notre Dame de Paris» спектакльдері алғаш рет қазақ тілінде ұсынылып, көрермен жүрегін жаулап алды.
Халыққа ұнаған театр жобаларын шетел сарапшылары да жоғары бағалады.
Сондай-ақ, театр әлем елдерінің мәдени астаналарында өнер көрсетіп, халықаралық фестивальдерде үлкен табыстарға жетті. Мәселен, «Роза Бағланова» мюзиклі Оңтүстік Кореяда «Үздік халықаралық мюзикл» деп танылды.