Елордада медициналық бұйымдарды техникалық сараптамадан өткізетін зертхана салынады

Елордада медициналық бұйымдарды халықаралық стандартқа сай техникалық сараптамадан өткізетін зертхана салынады. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Мемлекет басшысы 2029 жылы ішкі нарықтағы Қазақстан өндіретін дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндетін жүктеді. Үкімет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласын нормативтік реттеуді жетілдіру бойынша жұмыс жүргізді. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу мерзімі қысқартылып, әкімшілік процедуралардың бірізділігін оңтайландыруға мүмкіндік беретін үйлесімді қызмет енгізді, — деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясында тіркеу процесін жеделдету үшін Қазақстан тауар өндірушілеріне сарапшылық жұмыс құны 90 пайызға дейін төмендетілді. Бұл дәрілік заттарды тіркеудің 60 пайызға артуына жол ашты.
— Сонымен қатар бүгінде Астана қаласында медициналық бұйымдарды халықаралық стандартқа сай техникалық сынақтан өткізетін зертхананың құрылысы жүргізіліп жатыр, — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрді жауабына қоса берілген анықтамаға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығы» мемлекеттік кәсіпорны зертханасын салуға 10 гектар жер бөлінген. Биыл жобалық құжаттамасын әзірлеу үшін қаржыландыру көзделіп отыр.



