Ел тынысы

Елордада – Мәскеу күндері

Елордада Мәскеу күндері өтті. Қазақстан мен Ресей астаналарының бауырластық қарым-қатынасының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар астаналықтарға көзайым қуанышты сәттер сыйлады.

Алдымен мәскеулік әртістер елордалық балаларға жаңажылдық қойылымдар сахналап, 400-дей жеткіншектің көңіл-күйін көтерсе, Ресей астанасынан арнайы келген спортшылар қауымы бірқатар спорт нысандарында болып, астаналық спортшылармен бірлесіп шеберлік сабақтарын өткізді. Астанадағы Мәскеу күндері аясында өткен «Мәскеу мен Астананың екіжақты қарым-қатынасы: 25 жыл. Нәтижелер» атты дөңгелек үстел іс-шарасында екі астананың ынтымақтастық жолындағы жетістіктері мен перспективалары жан-жақты айтылды.

Бас қалада Қазақстан мен Ресей астаналары арасындағы бауырластық қарым-қатынастың 25 жылдығына орайластырылған Мәскеу күндері өтті. Атаулы күндердің бағдарламасына мәдени, спорттық, білім беру және іскерлік іс-шаралар кірді.

Жаңа жыл қарсаңында өткен мерекелік шара М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында басталды. Мәскеу­лік Покровка театрының әр­тістері қойған «Буратино және Аяз ата» спектаклін 400-ден астам жас көрермен тамашалады. Осы кеште Астанаға қонаққа келген Аяз ата астаналық орыс үйі тарапынан ұйымдас­тырылған «Жаңа жыл ғажайыбы» сурет байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтады.

«Думан» спорт кешенінде астаналық екі гимнаст көрермендерге шеберлік пен әсемдік мерекесін сыйлады. Көркем гимнастикада өнер көрсетіп жүрген жұлдыздарымыз Ақмарал Ерекешева, Дария Көшербаева, Жәния Ерлан және Ирэн Березовская көрермендерге шеберліктің нағыз үлгісін көрсетті. Жарыс бағдарламасы бойынша көпсайыс, доп, таспа және ұршық көпсайыс, сондай-ақ командалық және жеке жүлделер бақ сынады. Спорт шарасының аясында көркем гимнастикадан жетекші жаттықтырушылар мен спортшылардың қатысуымен жарыс және шеберлік сабағы өтті. Келесі басқосу – Назар­баев университетінде Астана мен Мәскеу қалаларының жас дзюдошылары арасында жолдас­тық кездесуі. Сайыс барысында жасөспірім спортшылар 52, 55, 57 және +90 келі салмақ дәрежелерінде белдесті. Жарыста әр астанадан 2 ұл және 2 қыз өнер көрсетті. Тартысты өткен жолдастық кездесуде Астана қаласының командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сонымен қатар мәскеулік қонақтар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған №45 мектепке барды. Оларға экскурсия ұйым­дастырылып, заманауи білім беру мекемесінің жабдықтары таныстырылды. Делегацияға сыныптар, кітапхана және спорт залдары көрсетілді, сондай-ақ қауіпсіздік жүйесі мен балалардың оқуы мен дамуы үшін жасалған жағдайлар туралы ақпарат берілді. Мәскеулік спортшылар «Барыс» хоккей клубының ойынын тамашалау үшін «Барыс Арена» мұз сарайына барды. Астана шаһарын аралап, ұмытылмас әсер алды.

Сыртқы экономикалық жә­не халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Сергей Черемин Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашық дәріс оқыды. Ол қала дипломатиясы және мегаполистердің халықаралық қатынастардағы рөлі туралы талқылады. Іскерлік бағдарламаның «Мәскеу мен Астананың екіжақты қарым-қатынасы: 25 жыл. Нәтижелер» атты дөңгелек үстел отырысы да мамандарды жинады. Қатысушылар екі астана арасындағы ынтымақтастықтың негізгі кезеңдерін және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Астанадағы Мәскеу күнде­рі Мәскеу үкіметі ұйым­дастырған гала-концертпен және «Мәскеу және Астана: 25 жыл бірге» сыйлығын табыстаумен қорытындыланды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button