Елордада МӘМС жүйесімен халықтың 84,6 пайызы қамтылған

Қазіргі уақытта елордада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту деңгейі 84,6 пайызды құрайды. Ал халықтың 15,4 пайызы, яғни 263 731 адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Соңғы екі ай ішінде сақтандырылмаған азаматтар саны шамамен 25 мың адамға артқан, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл өсім халықтың белсенді көші-қонына және ұзақ демалыс кезеңімен байланысты. Сақтандырылмағандар құрылымында 12 айдан астам уақыт бойы сақтандыру жарналарын төлемеген азаматтар басым – 129,6 мың адам. Сонымен қатар, 97 мың жалдамалы қызметкер, 27,6 мың жеке кәсіпкер және 9 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат МӘМС жүйесіне қатыспайды.
Сонымен бірге, Астана қаласындағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына 1,6 млн-нан астам тұрғын тіркелген. Олардың ішінде 20 мыңнан астам сақтандырылмаған азамат диспансерлік есепте тұр.
Диспансерлік есептегі сақтандырылмағандар санының азаюы
Динамикалық бақылауда тұрған сақтандырылмаған азаматтар санының азаюы бойынша оң үрдіс байқалады. Егер 2025 жылғы қарашада бұл көрсеткіш 25,7 мың адамнан асса, желтоқсан айының басында 20,1 мың адамға дейін төмендеді.
Осылайша, азаю көлемі 5,5 мың адамды немесе 21,6%-ды құрады. Бұл азаматтардың мәртебесін өзектендіру, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және халықпен жүргізілген мақсатты түсіндіру жұмыстарының нәтижесі.
МӘМС-тің қаржылық тұрақтылығы
2026 жылдан бастап сақтандыру моделінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жарналар мен аударымдарды есептеу базасының жоғарғы шегі ұлғайтылды.
Жұмыс берушілер үшін ол 40 ең төменгі жалақыға дейін, ал қызметкерлер үшін 20 ең төменгі жалақыға дейін белгіленеді.
Бұл шешім МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар бизнес, азаматтар және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы арасындағы теңгерім сақталады.
Әлеуметтік мәні бар аурулар тізімін жаңарту
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік мәні бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын аурулардың жаңартылған тізімдері күшіне енеді.
Әлеуметтік мәні бар аурулар қатарына 11 нозология енгізілді. Олардың ішінде туберкулез, АИТВ-инфекциясы, онкологиялық және психикалық аурулар, орфандық аурулар, сондай-ақ бірқатар ауыр созылмалы дерттер бар.
Алғаш рет бұл тізімге эпилепсия (G40 тобы толық) және инсульттерді қоса алғанда, цереброваскулярлық аурулар енгізіліп отыр. Бұл аурулар бір жыл бойы есепке алынады.
ТМККК мен МӘМС арасындағы қайта бөлу
Жүргізіліп жатқан реформа аясында бірқатар аурулар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен (ТМККК) МӘМС жүйесіне ауыстырылады. Олардың қатарында қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы, ревматизм және дәнекер тіннің жүйелі аурулары бар.
Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің көлемі өзгермейтінін, тек оны қаржыландыру тетігі жаңартылатынын атап өтеді.
Балалар церебралды сал ауруы бар пациенттерге ерекше назар аударылған. Қазақстанда ДЦП диагнозымен диспансерлік есепте шамамен 28 мың адам тұр, олардың 99%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Көпшілігі – мемлекет жарна төлейтін жеңілдікті санаттағы азаматтар.
Бұл санат үшін медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, оңалту, амбулаториялық және стационарлық ем толық көлемде сақталады.
Бірыңғай медициналық көмек пакетіне көшу
2026 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Бірыңғай медициналық көмек пакетіне кезең-кезеңімен көшуді бастайды. Бұл тәсіл медициналық қызметтерді жүйелеуге және олардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жаңа модель тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесі арасындағы нақты шекараны айқындап, қызметтердің қайталануын болдырмайды.
МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар үшін онкологиялық скринингтер мен әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда тегін диагностика қолжетімді болады.
Алдын алу мен ауруларды ерте анықтауға ерекше мән беріледі. Сақтандырылмаған азаматтар үшін де алғашқы медициналық-санитариялық көмек, вакцинация, жедел және шұғыл медициналық көмек, әлеуметтік мәні бар және жұқпалы ауруларды емдеу, паллиативтік көмек пен дәрілік қамтамасыз ету сақталады.
Жеңілдікті кезеңді ұзарту
МӘМС жүйесіне қатысуға ынталандыруды арттыру мақсатында сақтандырылған мәртебені сақтау үшін жеңілдікті кезең ұзартылды.
Енді бес жыл бойы үздіксіз жарна төлеген азаматтар уақытша төлем болмаған жағдайда сақтандырылған мәртебесін алты айға дейін сақтай алады (бұрын – үш ай).
Қазіргі таңда МӘМС жүйесінде 16,9 млн адам сақтандырылған, бұл ел халқының 82,6%-ын құрайды. Олардың 12 млн-нан астамы – мемлекет жарна төлейтін жеңілдікті санаттағы азаматтар.
Қабылданған өзгерістер халықты кеңінен қамтуға, профилактикалық медицинаны күшейтуге, әлеуметтік осал топтарды қорғауға және денсаулық сақтаудың тұрақты сақтандыру моделін қалыптастыруға бағытталған.
Денсаулық сақтау министрлігі әрбір азамат үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған реформаларды одан әрі жалғастырады.



