Елордада композитор Иоганн Штраус II-нің 200 жылдығына арналған музыкалық кеш өтті

Астанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында австриялық атақты композитор және дирижер Иоганн Штраус II-нің 200 жылдығына арналған музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Мерейтой аясында Қазақстан мемлекеттік симфониялық оркестрі Австрия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Бағдарламада сазгердің әлемге кеңінен танымал шығармалары орындалды. Олардың қатарында «Көктем дауыстары», «Император вальсі», «Көрікті көгілдір Дунайда», «Радецкий маршы» және веналық музыкалық мектептің өзге де інжу-маржандары орындалды.
Бағдарламада ерекше орын алған Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» – вальс жанрының қазақ музыкасында да орны ерекше екенін айғақтады. Кеш барысында Лаура Құмарханова, Жібек Сапарғалиева, Гүмір Сайдалин, Айдар Мұратұлы және Роза Солтыханова секілді белгілі орындаушылар өнер көрсетті.
Эрнест Хётцль – әлемге әйгілі дирижер, ол Musikverein (Вена), Philharmonie (Берлин), Carnegie Hall (Нью-Йорк) және Teatro alla Scala (Милан) сынды белгілі музыка сахнасында ең беделді оркестрлермен жұмыс істеген.



