Елордада климаттық міндеттемелерді қалыптастыру бойынша диалог өтті

2025 жылғы 11–12 тамызда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі халықаралық серіктестердің – GIZ, БҰҰДБ, ФАО, UNITAR, ЮНИСЕФ және ҰДАҮ серіктестігі (NDC Partnership) – қолдауымен «Қазақстан Республикасының ҰДАҮ 3.0: климаттық міндеттемелерді қалыптастыру бойынша диалог» атты екі күндік іс-шара өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Диалог барысында Париж келісіміне сәйкес Қазақстанның климаттық мақсаттарын айқындайтын, жаңартылған үшінші ҰДАҮ-ды әзірлеу бойынша аралық нәтижелер таныстырылды.
Іс-шара мемлекеттік органдар, жеке сектор, ғылыми және сарапшылық ұйымдар, қаржы институттары, халықаралық ұйымдар және азаматтық қоғам өкілдері арасындағы саларалық диалог үшін негізгі алаңға айналды.
Жиынның күн тәртібі елдің климаттық саясатының негізгі бағыттарын – шығарындыларды қысқарту, бейімделу, орнықты ауыл шаруашылығы, климаттық тақырыпты білім беру жүйесіне енгізу, сондай-ақ «жасыл» жобаларға инвестициялар тарту, климаттық қаржыландыруды дамыту және басқа да маңызды секторларды қамтыды.
Іс-шараның екінші күні ресурстарды жұмылдыру және климаттық жобаларға мемлекеттік және жеке инвестицияларды оңтайландыру мәселелеріне арналды.
Аталған іс-шараның өткізілуі жаңартылған ҰДАҮ 3.0-ді бекітуге жол ашатын маңызды қадам болды.