Ел тынысы

Елордада кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында өнеркәсіп саласын қолдаудың қолданыстағы тетіктерін, жаңа қаржылық құралдарды және өндірістегі қауіпсіздік талаптарын жан-жақты талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Отырысқа елордалық Кәсіпкерлер палатасының, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының өкілдері, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Астана қаласы бойынша өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюк шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін таныстырып, «Өрлеу» бағдарламасының шарттарына кеңінен тоқталды. Бағдарламаға микро, шағын және орта жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Инвестициялық мақсаттарға берілетін несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 3,5 млрд теңгеге дейін қарастырылған.

Жиында ауылдық аумақтар мен шағын қалаларда шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы да таныстырылды. Бағдарлама жергілікті өндірісті дамытуға, шикізатты қайта өңдеуді кеңейтуге, соның ішінде былғары, сүт, ет, қолөнер бағыттарын ілгерілетуге, сондай-ақ шикізаттық емес жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған. Сонымен қатар JICA-ның «Бір ауыл – бір өнім» моделі негізінде өңірлік мамандану тетіктерін енгізу көзделіп отыр. Қатысушыларға лимиттердің екі деңгейлі жүйесі, субсидиялау шарттары, бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер және өтінімдерді қарау тәртібі түсіндірілді.

«QazIndustry» АҚ өкілі Дархан Жұмаділов еңбек өнімділігін арттыруға арналған мемлекеттік қолдау шараларын таныстырып, цифрландыру, өндірісті оңтайландыру және отандық өнімді ішкі нарыққа ілгерілету тетіктеріне тоқталды.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бас менеджері Әлібек Ормышев өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылым жобаларын жеңілдетілген қаржыландыру шарттарын түсіндірді.

Қалалық ТЖД өкілі Өміржан Тукушев өндірістік нысандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарын еске салды.

Отырыс қорытындысында салалық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button