Ел тынысы

Елордада «GRAND FEST» фестивалі өтеді

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «GRAND FEST» музыкалық фестивалі аясында концерттік бағдарламалар сериясын ұсынады. Іс-шаралар елордада орналасқан амфитеатрда өтеді және сахнаға танымал әртістер мен Қазақконцерттің өнер ұжымдары шығады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

7 маусым күні «GRAND FEST» музыкалық фестивалінің шымылдығын «Астана сазы» Қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі ашады. Бұл кеште көрермендерге ансамблдің бірегей бағдарламасы ұсынылады. Өнер ұжымы дәстүрлі күй мен халық әндерін заманауи авторлық өңдеуде орындап, ұлттық мұраны жаңаша үлгіде паш етпек. Сондай-ақ, іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерболат Шалдыбеков, Айзат Қарабек және халықаралық байқаулардың лауреаты Жанту Дадабаев қатысады.

14 маусым күні «SAZ & SOUL» тобы мен аңызға айналған «Гүлдер» ансамблінің бірлескен концерті өтеді. Концерт бағдарламасына шетелдік хиттердің интерпретациялары, қазақстандық композиторлардың туындылары, ұлттық және заманауи үн элементтерімен көркемделген вокалдық, аспаптық және хореографиялық нөмірлер енген. Сахна төріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсім Мырзабекова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Алибек Альмадиев пен Әділхан Макин, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Анна Уварова, сондай-ақ халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Дидар Абдухалық, Қуаныш Шалқар және Ақбөпе Алибекова шығады.

15 маусым күні елорда тұрғындары мен қонақтарын қазақстандық эстраданың жарқын кеші күтеді. Сахнаға танымал «Azia» және «Melomen» топтары шығып, соңғы жылдары кең аудиторияның сүйіспеншілігіне бөленген «Ғажайып күй», «Жаным», «Қандайсың қандай», «Арман шағала» сынды хит әндерді орындайды.

22 маусым күні Қазақконцерттің «Классикалық өнер» бөлімінің солистері мен Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің қатысуымен концерт өтеді. Бағдарламада әлемдік және қазақ симфониялық, вокалдық және камералық музыка үлгілері ұсынылады. Кеш барысында қазақ операларынан ариялар мен дуэттер, халық әндері, романстар, аспаптық миниатюралар мен Отан тақырыбындағы заманауи шығармалар орындалады.

28 маусым күні фестиваль аясында «Біздің жәрмеңке» ұлттық өнер кеші өтеді. Көрермендерге авторлық туындылар, халық әндерінен попурри, заманауи хореографиялық қойылымдар мен жарқын сахналық нөмірлерден тұратын мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылады. Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құмарбек Қалқатай, Клара Төленбаева, Нұрболат Арзамас, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Ардақ Елеусіз, Күнсұлу Түрікпен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері мен түрлі байқаулардың жүлдегерлері қатысады.

29 маусым күні Қазақконцерттің 64-концерттік маусымын қорытындылайтын салтанатты Гала-концерт өтеді. Ашық аспан астында өтетін бұл ауқымды музыкалық шоуда танымал жұлдыздар өнер көрсетеді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ардақ Балажанова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Құрмаш Махан, Нұрболат Арзамасұлы, Гүлсім Мырзабекова, Айзат Қарабек, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегерлері Бауыржан Исаев пен Анна Уварова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Перизат Тұрар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асқар Мұқият, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары бар. Сондай-ақ, концертке Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдері, «SAZ & SOUL» тобы қатысады. Бағдарламада кең танылған композициялар, заманауи аранжировкалар, оркестр сүйемелдеуі және мерекелік көңіл күй қамтылған.

«GRAND FEST» фестивалі – елорданың мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналуды мақсат тұтқан, отандық музыкалық өнерді насихаттауға және қала тұрғындарының мәдени тыныс-тіршілігін байытуға бағытталған жобалардың бірі.

Ашық аспан астындағы амфитеатр сахнасы, жанды музыка және жанрлық әртүрлілік – барлығы да түрлі буын өкілдерін өнер айналасына топтастыратын жылы әрі шабыт сыйлайтын атмосфераны қалыптастырады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button