Астанада EXPOGOODS CENTRAL ASIA алғашқы халықаралық форумы өтуде

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 11-13 маусым аралығында Халықаралық «EXPO» көрме орталығында өтетін EXPOGOODS CENTRAL ASIA алғашқы халықаралық форум-көрмесін ашты. Іс-шара Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Пәкістан, Иран, Латвия және Эстония сынды 9 елден 159 сауда маркасын біріктіріп отыр. Форумға бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, бөлшек сауда желілері, электрондық коммерция, сондай-ақ HoReCa секторының өкілдері қатысуда, деп хабарлайдыastana-akshamy.kz.
EXPOGOODS CENTRAL ASIA – өңірлік күн тәртібіндегі маңызды оқиға болып, халықаралық деңгейде қызығушылық тудырды. Форум жұмысына жоғары деңгейдегі ресми делегациялар қатысуда. Олардың қатарында – Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі доктор Голамреза Нури, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин, сондай-ақ Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Науман Башир Бхатти бар.
Көрмеде 3000 шаршы метрді алып жатқан Цзянсу провинциясының павильоны және Jiangsu Soho Holding Group (ҚХР) мемлекеттік тобы ерекше назар аудартты. Jiangsu Soho халықаралық сауда, инвестиция, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейді. Топ 380-нен астам компанияны біріктіреді, 20 000 қызметкері бар, 160-тан астам елге экспорт жүргізеді және 24 Қытай–Еуропа теміржол маршрутын басқарады. Жылдық айналымы 100 миллиард АҚШ долларынан асады. Мұндай ірі ойыншының қатысуы EXPOGOODS-тың жоғары халықаралық деңгейін көрсетіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда ынтымақтастығын одан әрі күшейтеді.
EXPOGOODS көрмесіне әлемдегі жетекші электрондық коммерция және бөлшек сауда компаниялары үлкен қызығушылық танытты. Қатысушылар қатарында Alibaba, Wildberries, Lamoda сияқты компаниялармен қатар, өзге де трансұлттық платформалар мен желілердің өкілдері бар. Бұл компаниялардың қатысуы жаһандық нарықтарға шығуды көздейтін өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Арман Шаққалиев EXPOGOODS CENTRAL ASIA форум-көрмесі Орталық Азия, ТМД, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға арналған жыл сайынғы беделді платформаға айналуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан өңірдегі сенімді транзиттік және сауда торабы ретінде, интеграциялық форматтардың бастамашысы және жаһандық жеткізу тізбектерінің белсенді қатысушысы ретінде маңызды рөл атқарады. Өңірдің жиынтық халқы 81 миллионнан асады және бұл нарық тұрақты өсім көрсетіп отыр. Осы тұрғыда өзара сауданы нығайту, жаңа нарықтарға шығу және шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелері ерекше маңызға ие.
Министр Қазақстанның электрондық коммерция саласындағы жетістіктерін де атап өтті. Соңғы үш жылда елдегі онлайн-сауда көлемі екі еседен астам өсіп, 2 миллиард АҚШ долларынан асты.
«Халықаралық маркетплейстерді қоса алғанда, электрондық коммерцияны дамыту – шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, экспорттық әлеуетті арттырады және қазақстандық өнімдердің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді», – деді ол.
Министрдің айтуынша, мемлекет пен бизнес-қоғамдастық заманауи сауда инфрақұрылымын құру, сауданы цифрландыруды қолдау және экспортты акселерациялау бағытында бірлесіп жұмыс істеуде. ҚР Сауда және интеграция министрлігі экспортты қолдауға бағытталған жүйелі саясатты жүзеге асырып отыр. Компанияларға аналитика және маркетингтік кеңестерден бастап, шетелдік көрмелер мен акселерациялық бағдарламаларға қатысуға дейін барлық кезеңде жан-жақты қолдау көрсетіледі.
«Біздің мақсатымыз – қазақстандық бизнестің жаһандық нарыққа шығуын қамтамасыз етіп, шикізаттық емес экспортты дамыту арқылы экономиканың тұрақтылығын арттыру», – деп толықтырды министр.
Форумның бірінші күнінде Astana International Trade Forum аясында жеткізушілер мен сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимылдың нақты тетіктері талқылануда.