Ел тынысы

Елордада ерекше қойылымның премьерасы өтті

Астанадағы «Қанаттылар» инклюзивті театры көрерменге өзгеше қойылым ұсынды. Жас драматург Қазыбек Аманжолдың «191-бап» атты комедиясы күлдіріп тұрып ойландырған, жүрекке жеңіл әзілмен жетіп, санада ауыр сұрақ қалдырған ерекше премьера болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қойылым сюжеті әдеттен тыс: бір үйге бір күнде екі ұры түсіп, күтпеген жағдайға тап болады. Күлкілі диалогтар, шынайы тартыстар, астарлы сөздер көрерменді бірде езу тартқызып, бірде жан-дүниесіне үңілдіреді. Бірақ бұл жай ғана комедия емес. Бұл – қоғамның кейбір көз жұма қарап келген көлеңкесін әжуалап, көрерменнің өз бейнесін көруіне себепкер болатын сахналық ой.

Режиссер Марина Тәңірберген үшін бұл – екінші ірі спектакль. Сахнада біршама жыл актриса қызметін атқарған өнер иесі қазіргі таңда режиссура әлеміне батыл қадам басып келеді. Оның айтуынша, инклюзивті театрда драма қою жеңіл – өйткені актерлердің өмірі мен шынайылығы кез келген көрерменнің жүрегін елжіретеді. Ал күлдіру – шын өнер.

«Әр оқиға нақты, әрекеттері айқын. Автор – жас драматург, замандасымыз Қазыбек Аманжол. Біз пьесасына өзгерістер енгізуді ұйғарған кезде, Қазыбек маған былай деді: «Пьеса менікі болғанымен, спектакль сіздердікі». Осы сөздер маған қатты әсер етті. Бұл оның шығармашылыққа деген ашықтығы мен сенімінің белгісі еді. Сол сәттен бастап біз қойылымды жан-тәнімізбен, ерекше ықыласпен жасауға кірістік. Бұл сенім бізге қанат бітіріп, әрбір актер мен режиссер үшін үлкен мотивация болды», — деді режиссер Марина Тәңірберген.

Бұл қойылымды ерекшелейтін тұсы – актерлік құрам. Актерлердің арасында арбада қозғалатын, есту, көру қабілеті шектеулі, басқа да денсаулық ерекшелігі бар жандар бар. Бірақ олардың өнерге деген құштарлығы мен сахнаға деген құрметі – бәрінен биік.

«Бір актрисам, Жанардың, бірінші топтағы мүгедектігі бар. Екі бүйрегі жұмыс істемейді. Бірақ оның еңбегі кез келген кәсіби актерге үлгі. Бізді байлап тұрған тек өнер емес – достық, сенім, жанашырлық», – дейді Марина Тәңірберген.

Режиссердің айтуынша, көрермен сахнадан өзін, досын, көршісін тануы тиіс. Спектакль әркім өз шынайылығын көретін айна іспетті.

«191-бап» – жай ғана комедия емес. Бұл – өнер мен өмір, кемшілік пен кемелдік, шектеу мен шабыт туралы шынайы диалог. Инклюзивті театр ұсынған бұл спектакль – әр адамға бір сәт кідіріп, айналасына қайта үңілуге себеп. «Қанаттылар» театрының бұл туындысы – күлу арқылы тәрбиелеудің, күле отырып адам болудың нағыз үлгісі», – деді қойылымның режиссері.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button