Қоғам

Елордада «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды

Астанада өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үшінші өңірлік көрмесіне елордадан 35 жергілікті өндіруші қатысты. Іс-шара жергілікті бизнесті ілгерілетуге, бірегей брендтерді қолдауға және дәстүрлі технологиялар мен жергілікті ресурстар негізінде әзірленген өнімдерді дамытуға арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Көрмеге кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын жасап жатқан шеберлер де, нарықта өзін танытып үлгерген тәжірибелі кәсіпкерлер де қатысты. Келушілер өнімдерді сатып алып қана қоймай, олардың жасалу тарихымен, өндірісімен және технологиялық ерекшеліктерімен де танысты.

Іс-шараға қатысқан Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев, «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту және шағын, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Гүлия Жүнісова, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жетекшісі Гүлнар Сейтжаппарова аталмыш көрменің мән-маңызын атап өтті.

Сөрелерге ет өнімдері, қолөнер бұйымдары, этностильдегі әшекейлер, табиғи сабын мен сусабындар, кондитерлік өнімдер, жент пен құрт, ағаштан жасалған бұйымдар, глютенсіз нан-тоқаштар және басқа да көптеген тауар қойылды.

Кәсіпкер Қайрат Нұрсапанов бизнесін екі жыл бұрын бастаған. Ол тұрмыстық қолдануға, кілем мен автокөлік жууға арналған табиғи негіздегі сабын мен сусабын шығарады. Өнімдері химиялық қоспасыз дайындалған әрі адам денсаулығына пайдалы.

«Мен өнімді бастапқыдан-ақ тек зиянсыз емес, адам денсаулығына пайдалы болатындай жасап шығару мақсатын қойдым. Бір тамшы да химия жоқ, барлығы табиғи жолмен жасалған. Осындай дүниелердің бағаланып жатқанына қуаныштымын» дейді кәсіпкер.

Арнайы комиссияның қорытындысы бойынша сапасы мен даму әлеуеті жағынан ең үздік деп танылған 10 қатысушы анықталды.

Келесі кезеңде үш жеңімпаз анықталып, әрқайсысы жабдық алуға 5 миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болады.

«Бұл өнімдер – жай ғана тауар емес, біздің мәдениетіміз бен болмысымыздың бір бөлігі. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге дамуға және жаңа нарыққа шығуға көмектесу» деді елордалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылады және бүкіл ел аумағын қамтиды. Жоба Жапонияның аумақтық даму тәжірибесіне сүйене отырып, жергілікті брендтер арқылы экономиканы жандандыруды көздейді.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button