Қоғам

«Елорда жастары»: жас отбасының үйлі болуына көмектесті

Елордада жас мамандарға жеңілдетілген шарттармен баспана алуға мүмкіндік беретін «Елорда жастары» бағдарламасы жалғасуда. Бағдарлама қатысушыларының бірі – астаналық Азат Накенов армандаған пәтерін қалай алғаны жөнінде айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2019 жылы Азат жұбайымен бірге (ол кезде декреттік демалыста болған) елордада жалдамалы пәтерде тұрған. Ол жастарға арналған, кейін сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы туралы біліп, өтінім берген.

«Біз барлық талапқа сай болдық, сондықтан бағымызды сынап көрмек болдық. Құжаттарды жинау тез өтті. Тұрғын үй қорының қызметкерлері де әр кезеңде көмектесті», — деп еске алады Азат.

Желтоқсан айында оның отбасына конкурс нәтижесі бойынша жалдамалы пәтер алуға құқық берілгені туралы хабарлама келген.

«Сенбедім – SMS хабарламаны қайта-қайта оқи бердім. Бұл біздің өмірімізді өзгерткен мүмкіндік болды», – дейді ол.

Отбасы Ш.Уәлиханов көшесі, 23/1 мекенжайындағы бір бөлмелі пәтерді алды. Ай сайынғы жалдау ақысы небары 6500 теңге болды. Осы бес жылдың ішінде Азат пен жұбайының екі ұлы дүниеге келді.

«Жалдамалы бағдарлама бізге тұрақтылық берді. Ақша жинауға мүмкіндік болды, Отбасы банкінен депозит аштық, өз баспанамыз туралы ойлана бастадық», – дейді ол.

«Елорда жастары» ипотекалық бағдарламасы іске қосылған кезде, Азат тиімді шарттарды пайдаланып қалмақ болады. Оның алғашқы жарнасы небары 10%, пайыздық мөлшерлемесі жылына 5% ғана.

«2025 жылдың басында біз «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы ипотека рәсімдеп, екі бөлмелі пәтер сатып алдық. Қуанышымызда шек болмады. Бұрынғы жалдамалы пәтерімізді босатып, келесі тұратын адамдарға өткізер алдында жөндеу жүргіздік», – дейді Азат.

Ол екі бағдарламаның – алдымен жалдамалы, кейін ипотекалық жүйенің дұрыс реттілігі олардың қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізіп, тұрғын үй мәселесін шешуіне мүмкіндік бергеніне сенімді.

«Осындай қолдау болмағанда, әлі де пәтер жалдап жүретін едік. Мемлекеттік бастамалар – жай көмек емес, бұл – жас отбасылардың арманын жүзеге асыруға арналған нақты мүмкіндік», – деп атап өтті астаналық тұрғын.

«Елорда жастары» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі елорда жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие ұсынады: жылдық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 10%-дан бастап, ең жоғары сома – 20 млн теңгеге дейін. Пәтерді бастапқы да, қайталама нарықтан да сатып алуға болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button