Қоғам

«Елорда жастары» бағдарламасының тиімді тұстары айтылды

Астаналық жастарға тиімді шарттармен баспаналы болуға көмектесетін «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде қалада баспаналы болып жатқандардың қатары артып жатыр. Солардың бірі – Берканбектер отбасы. Олар мемлекеттік қолдаудың арқасында бас шаһардан 2 бөлмелі пәтер сатып алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Айман Нұрбай – Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының тумасы. Ол академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетін «Туризм» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жас отбасы 2013 жылдан бері елордада тұрады.

«Мен ҚР Ұлттық музейінде қызмет етемін. Музей қабырғасында өтетін іс-шараларды ұйымдастырамын. Олардың қатарында – дөңгелек үстелдер, конференциялар, қойылымдар, көрмелер, концерттік бағдарламалар, музей түні және т.б. Қаламыздың дамуына мәдениет саласы бойынша өз септігімді тигізіп келе жатқаныма қуаныштымын.

Жолдасым Арман 2011 жылдан бері энергетика саласында қызмет етеді. Нақтырақ айтқанда, қазір «Астана-РЭК» компаниясында жұмыс істейді. Бүгінде жолдасым екеуіміз 2 баламызды тәрбиелеп отырмыз», – деді Айман Нұрбай.

Жас отбасы мемлекеттік қолдаудың арқасында Астанада қалай баспаналы болғанын айтып берді. Олар бұған дейін бес жылдық «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасына қатысқан. Жалға алу мерзімі аяқталған соң «Елорда жастары» бағдарламасына өтініш берген.

«Елорда жастары» бойынша үй алу көпшіліктің мақсаты деп ойлаймын. Себебі оның пайыздық үстемесі, шарттары өте тиімді. Біз алдын ала осы бағдарламаға қатысу үшін өз құжаттарымызды реттеп, Отбасы банкіндегі есепшотта тиесілі қаражат жатуын қадағалап, зейнетақы қорына ай сайын түсетін төлемдеріміздің алатын үйіміздің бағасына сәйкес екендігіне көз жеткізіп, бақылап отырдық. Отбасы банк мамандары әр саты бойынша жақсы консультация беріп, бағыттап отырды. Құжаттарымызды реттеп, конкурсқа қатысып, банк тарапынан растаудан өттік. Осы кезекте банк мамандарына зор алғысымызды айтамыз», – деді 34 жастағы елорда тұрғыны.

Осылайша олар наурыз айында бас қаланың ортасынан баспана алған.
«Біз Бейбітшілік және келісім сарайы жақтан 2 бөлмелі пәтер сатып алдық. Жақын маңда балабақшалар, мектептер, саябақтар, скверлер орналасқан. Біз өте қуаныштымыз. Бұл – елордада еңбек етіп жүрген жастарға, әсіресе жас отбасыларға тиімді бағдарлама. Оның шарттары өте жақсы ойластырылған», – деді Айман Нұрбай.

Еске сала кетейік, бұл бағдарлама жастарға жеңілдікпен несие беруді ұсынады. Несиенің максималды сомасы – 20 миллион теңге, мөлшерлемесі – жылдық 5 пайыз, бастапқы жарнасы – 10 пайыз. Ал тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықта сатып алуға болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button