«Елорда жастары»: астаналық отбасы Есіл өзенінің жағасынан баспаналы болды

Астанада жас отбасыларға жеңілдетілген шарттармен баспана алуға мүмкіндік беретін «Елорда жастары» бағдарламасы жалғасып жатыр. Бағдарламаға қатысқандардың бірі – инженер-энергетик Әділ Шәкім өз тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2019 жылы Әділ жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатысып, бес жылға арзан бағада жалға пәтер ұтып алған.
«Бес жыл жалдамалы пәтерде тұрдық. Бұл жас отбасы үшін үлкен қолдау болды», – деп еске алады ол.
Жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін оған «Елорда жастары» жаңа бағдарламасын пайдалануды ұсынған. Шарттары барынша тиімді болған: жеңілдетілген мөлшерлеме және ипотеканы рәсімдеудің жылдам жолы.
«Өз пәтеріміз үшін бірден өтініш бердік. Біріншіден, қолайлы болды. Екіншіден, бағдарламаның шарттары шынымен тиімді. Құжаттарды тез мақұлдады, бәрі өте оңай өтті, – дейді ол.
Нәтижесінде жас отбасы Есіл өзенінің жағасында орналасқан SHARYN тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған.
«Пәтеріміз керемет, таңдауымызға өте риза болдық. Бұл жай ғана шаршы метрлер емес, бұл – ертеңгі күнімізге деген сенім. Эмоциялар керемет. Бірақ мұнда тоқтап қалуға болмайды, ылғи да алға ұмтылуымыз керек», – дейді Әділ.
Оның айтуынша, «Елорда жастары» бағдарламасы – астаналық жас отбасылар үшін нақты мүмкіндік.
«Мұндай жағдай жасалып тұрғанда, оны пайдаланбаған дұрыс емес. Бұл мүмкіндікті міндетті түрде қолдану керек», – деп кеңес берді ол жас отбасыларға.
«Елорда жастары» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі астаналықтарға арналған және жаңа тұрғын үйді де, екінші нарықтағы пәтерлерді де сатып алуға мүмкіндік береді.