Қоғам

Елорда зейнеткерлері белсенді

Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнет жасындағы елордалықтардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен мәдени демалысын қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар орталық қызметі арқылы спорттық-сауықтыру, бос уақытты тиімді өткізу, қауіпсіздік, құқықтық және қаржылық сауаттылық тақырыптарында дәрістер мен бағдарламалар жүзеге асырылады. Орталық биылғы 6 айдағы жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мекемеде 24 түрлі бағыт бойынша үйірмелер мен секциялар жүйелі түрде жұмыс істейді. Қызмет алушылар үшін тренажер залдары, компьютерлік сыныптар, вокал және шығармашылықпен айналысуға арналған залдар жабдықталған. Поэзия кештері, кітаптардың тұсаукесерлері сияқты мәдени іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Мемлекеттік және ағылшын тілдері курстары белсенді түрде жүргізілуде. Сонымен қатар компьютерлік сауаттылыққа оқыту курстары, эмоциялық жеңілдікке арналған сенсорлық бөлме, физиологиялық релаксация кабинеттері жұмыс істейді. Бұл кабинеттерде электро-массаж орындықтары, табан, балтыр және тізе массажерлері орнатылған, олар Орталықтың қызмет алушылары арасында жоғары сұранысқа ие. Релаксацияға арнайы таңдалған музыка мен бейнематериалдар арқылы қолайлы жағдай жасалған, бұл өз кезегінде шаршауды басып, тынығуға мүмкіндік береді.

Нұра ауданында екі профилактикалық массаж кабинеті жұмыс істейді. Зейнеткерлердің айтуынша, ең көп сұранысқа ие — массаждық төсектер. Өйткені, бұл төсектердің негізгі функциялары — денені қыздыру және массаж жасау. Олар ішкі және сыртқы проекторлармен, сондай-ақ қан айналымын жақсартып, тізе, жамбас буындары мен бел омыртқаның қозғалысын арттыратын турманиялық керамикамен жабдықталған.

Орталықта 25-тен астам клубтар жұмыс істейді. Атап айтқанда: «Атадан балаға аманат», «Зияткерлік ойындар», «Speaking English», «Оқу және поэзия клубы», «Күміс еріктілер», «Хор және вокал», «Волейбол», «Үстел теннисі», «Гитарада ойнау», «Домбыра үйрену», «Домбыра оркестрі», «Караоке», «Кілем тоқу», «Ұршық иіру», «Салауатты өмір салты» клубы, «Компьютерлік саяхат», «Тіл шаңырағы», «Әжелер 80+», «Жас үлгі» және тағы басқа клубтар бар. Сонымен қатар реабилитациялық гимнастика, йога, тыныс алу жаттығулары – Цигун, қарттарға арналған фитнес, скандинавиялық жүріс, кун-фу және би секілді секциялар жұмыс істейді.

Сәуір айынан бастап орталыққа келушілер үшін «Алатау» спорт кешеніне бассейнге бару қызметі ұйымдастырылды. Есептік кезеңде 160 зейнеткер бассейн қызметін пайдаланып, жалпы саны 1053 қызмет көрсетілді. Есептік кезеңде орталыққа 1270 адам тіркелді. Осы аралықта оталық тарапынан 6 490 адамға 133967 әлеуметтік қызмет көрсетілді. Күн сайын орталықтың алты аудандық бөлімшесіне 2500-ден астам адам келеді. Орталық қызмет алушыларының жас құрамы: 70 жасқа дейін – 9 740 адам, 70 пен 80 жас аралығы – 5 534 адам, 80 жастан жоғары – 558 адам.  Сондай-ақ, бұл қызметтермен қатар 192 қызмет алушы компьютерлік сауаттылық курстарына қатысты.

Аталған сабақтар есте сақтау қабілетін нығайтуға, ми қызметін жаттықтыруға, Альцгеймер ауруының алдын алуға, ойлау, зейін, қабылдау, сөйлеу сияқты когнитивтік функцияларды жақсартуға көмектеседі.      Әлеуметтік – еңбек қызметтері әйелдер арасында кеңінен сұранысқа ие. Еңбек терапия  сабақтарына – 203 адам, кройка және тігін курстарына – 76 адам, арт-терапияға – 225 адам, ал құм терапиясына – 68 адам қатысты. Орталықта барлық қызметтер медициналық және психологиялық бақылаумен жүзеге асырылады.

Есепті кезеңде барлығы 2522 консультация өткізілді, оның ішінде 1769-ы – бастапқы, 753-і – қайталама. Қызмет алушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында есепті кезеңде 36 дәріс өткізілді, оған 972 қызмет алушы қатысты. Дәрістер аурулардың алдын алудың маңыздылығы мен салауатты өмір салтын ұстану туралы ақпараттандыруды арттыруға бағытталды. Сондай-ақ, қызмет алушылардың емханалар мамандарымен келесі тақырыптарда кездесулері мен дәрістері ұйымдастырылды. Алты айда барлығы 192 іс-шара өткізілді, оған жалпы саны 9080 адам қатысты. Іс-шаралар қатарында концерттік бағдарламалар, мұражайларға экскурсиялар, театрларға бару, мерекелік және спорттық іс-шаралар болды.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button