Қоғам

Елорда тұрғындарына қандай әлеуметтік көмек беріледі?

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жыл сайын шамамен 200 мың адамды әлеуметтік қолдаумен қамтиды. Зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, мүгедектігі бар азаматтарға, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін қызметтер мен ақшалай төлемдер түрінде көрсетіледі. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыс жөнінде қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Илья Скуб баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бүгінде елордада 35 мыңнан астам көпбалалы отбасы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген 7 мыңнан астам ана, 38 мыңнан аса мүгедектігі бар азамат және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 10 мың отбасы тұрады.
Әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетіледі. Жыл басынан бері 1 359 отбасы (6 930 адам) АӘК алды.

Көрсетілген мерзімде қатты отын сатып алу үшін (төлем мөлшері – 16 АЕК) 92 отбасыға көмек көрсетілді.

Тұрғын үйлерді газдандыру үшін 80 отбасыға 130 АЕК мөлшерінде қаражат бөлінді.

2025 жылы тіс протезін салу қызметін 1 418 адам, ауыз қуысы тазалығын қамтамасыз ету қызметін 1 406 адам, жеңілдікпен санаторий-курорттық емді 2 771 адам пайдаланды.

Қазіргі таңда елорданың жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуға төленетін жыл сайынғы әлеуметтік көмекке өтінімдер қабылданып жатыр. Бұл көмекке келесі санаттағы мектеп түлектері үміткер бола алады:
• жетім балалар;
• балалар үйінің түлектері;
• бала кезінен мүгедектігі бар адамдар;
• ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
• көпбалалы отбасылардан шыққан балалар (оның ішінде биыл кәмелет жасына толған аға-әпкесі оқу орнына түскенге дейін);
• асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтар.

Өтінім қабылдау биыл 23 тамызға дейін жалғасады.

«Басқарманың басым бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және оңалту. Қалада шамамен 38 мың мүгедектігі бар адам тұрады. 2025 жылдың алғашқы алты айында Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 21 705 бірлік оңалту техникалық құралдары мен қызметтерімен қамтамасыз етілді. Оның ішінде:
оңалту құралдарымен (жүріп-тұруға арналған құралдар, сурдо-, тифлотехникалық, гигиеналық құралдар, протез-ортопедиялық көмек) – 14 756 адам;
оңалту қызметтерімен 7 450 адам, олардың ішінде ымдау тілі маманымен 539 адам, жеке көмекшімен 2 764 адам, санаторий-курорттық еммен 3 646 адам қамтылды», – деді Илья Скуб.

Қозғалысы шектеулі және мүгедектігі бар балаларға «Инватакси» тегін көлік қызметі көрсетіледі. Қалада бұл қызмет 5 бағыт бойынша 129 автокөлікпен (26 арнайы жабдықталған және 101 жеңіл көлік) жүзеге асырылады. Күніне орта есеппен 1 167 тасымал жасалады.

Инватакси саны 2022 жылы 80 болса, 2023 жылы 117-ге дейін артты. Қызмет алушылар саны 1 186 адамға көбейді. Қазіргі уақытта жалпы алғанда 2 778 адам қызмет алады.

2025 жылдың наурызынан бастап мүгедектігі бар адамдардың қызмет алғанын растау үшін «Smart Astana» қосымшасы арқылы QR-код жүйесі енгізілді.

Қызмет алушыларды толық қамту, инватакси қызметін көрсету механизмін өзгерту, сапасы мен жылдамдығын арттыру мақсатында елордада «Яндекс Go» сервисі арқылы пилоттық жоба жалғасып жатыр.
Пилоттық жоба іске қосылғалы 1 098 адам қатысып, 200 мың тасымал орындалған.

Жұмыспен қамту басқармасы сондай-ақ 11 ведомстволық мекеменің жұмысын үйлестіреді:
Оның ішінде 7 мекеме арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Олар биыл 7 450 мүгедектігі бар адамды қамтыды.

«Елорданың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты, ерекше бақылауда. Есептік кезеңде 10 052 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды, оның ішінде 35 жасқа дейінгі 5 117 жас бар. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа орналасқандар – 1 331, қоғамдық жұмысқа – 2 522, жастар тәжірибесіне – 280, әлеуметтік жұмыс орындарына – 202, «Күміс жас» жобасы аясында – 565, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға – 1 993, онлайн форматта сұранысқа ие дағдылар бойынша оқуға – 985 адам қатысты, 2 056 адам әлеуметтік кәсіби бағдарға бағытталды, 39 адам кәсіби оқудан өтті, 61 грант берілді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button