Елорда спорты: жүйелі жұмыстар жемісі

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы осы жылдың бірінші жартысында қандай жұмыстарды атқарды? Елордалық спортшылардың жетістіктері қандай? Бұл жөнінде қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Ағзамов баяндап, қала тұрғындарына арналған арнайы бағдарламалар, спорттық жобалар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Бас қалада халықты бұқаралық спортпен қамту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келе жатыр. Қазір елордада 992 дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ұйымы жұмыс істейді. 601 200 адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл – қала тұрғындарының 40%-ын құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 42%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Жыл басынан бері қалалық күнтізбелік жоспарға сәйкес 1050 бұқаралық спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Оның 511-і бүгінде жүзеге асты. Соның 66-сы – халықаралық, 88-і – республикалық, 357-сі – қалалық деңгейдегі жарыстар болды. Аталған іс-шараларға барлығы 450 мың адам қатысты. Соның ішінде 87 179 спортшы, 362 821 көрермен қамтылды.
Астанада өткен халықаралық және республикалық деңгейдегі маңызды жарыстар қатарында эстетикалық гимнастикадан «Astana Alan Cup» халықаралық турнирі, конкур бойынша Еуразиялық лига аясындағы әлем кубогының кезеңі, Қазақстан мен Дания, Албания, Армения ұлттық құрамалары арасындағы футзал және футбол матчтары, дзюдодан «Qazaqstan Barysy Grand Slam» халықаралық турнирі, IBSA 2025 пара дзюдо әлем чемпионаты, киберспорт: «Counter-Strike 2 – PGL Astana 2025» халықаралық турнирі, Astana Half Marathon, баскетболдан Virtus world basketball championship, «Толағай» алыптар сайысы, каратэ шинкиокушинкайдан «Astana Cup», джиу-джитсудан «AJP Kazakhstan» халықаралық турнирлері, футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңі: Қазақстан – Солтүстік Македония, IV халықаралық «Гран-при Астана» садақ ату турнирі, World Boxing ұйымының кезекті әлем кубогы, ауыр атлетикадан Азия чемпионаты бар.
Биыл төрт негізгі бағыт бойынша ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Оның алғашқысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жыл бойы 60-тан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Шілде айына дейін 26 іс-шара өтті. Жыл соңына дейін тағы 34 іс-шара өткізіледі. «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы шеңберінде жыл бойына 94 іс-шара өткізу жоспарланған.
Бүгінгі күнге дейін 30-ға жуық іс-шара өткізілді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 13 іс-шара жоспарланса, оның 8-і өткізілді. 26-27 шілдеде жол-көлік инфрақұрылымы қызметкерлері арасында қалалық волейбол чемпионаты өтеді. «Заң және тәртіп» бағыты бойынша жастардың азаматтық жауапкершілігін дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру іс-шаралары ұйымдастырылуда. Лудомания, допинг, буллинг, интернет-алаяқтық және жасөспірімдерге қарсы қылмыс тақырыптарында тұрақты түрде семинарлар өткізіліп жатыр. Полиция департаменті, Дін істер департаменті және Жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Алда өтетін ірі халықаралық жарыстар қатарында Phygital Games 2025 – іріктеу жарыстары (Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы), ITTF World Para Challenger Astana 2025 (30 шілде-3 тамыз), World Boccia Challenger (20-28 тамыз), әскерилер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты, футболдан әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңі, панкратионнан әлем чемпионаты, садақ атудан халықаралық гран-при, Kazakhstan International Series 2025 атты бадминтоннан халықаралық турнир бар.
«Спорттық іс-шаралар ежелден мемлекеттің беделін арттыратын маңызды құралдың бірі саналады. Қала аумағында өткізіліп жатқан олар тек халық денсаулығын нығайтумен шектелмей, елорданың халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастыруға да зор үлес қосуда. Астанада бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Біз әлемдік деңгейдегі жарыстар мен ірі додалардың еліміздің бас қаласында өтуі арқылы Астананың мәртебесі одан әрі биіктей түсетініне сенімдіміз» дейді А.Ағзамов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар мен жасөспірімдер бұқаралық спортын дамытуды басым бағыт ретінде ескере отырып, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын арттыру мақсатында елордада бірқатар арнайы бағдарламалар мен жобалар әзірленіп, сәтті іске асырылуда. Бүгінде қала тұрғындарына бірқатар тегін жобалар қолжетімді. Олар: «Aulafit» спорттық-әлеуметтік жобасы, «Өзіңнен баста» өзін-өзі қорғау бойынша жаттығу жобасы, йога бойынша тегін оқу-жаттығу сабақтары, скандинавиялық жүріс бойынша тегін оқу-жаттығу сабақтары және «Funny Sport» жазғы спорттық жобасы.
Оларға жеке-жеке тоқталсақ, «Aulafit» жобасы – қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын ірі бастамалардың бірі. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба биыл бесінші жыл қатарынан өткізілуде. Биылғы жазғы маусымда жаттығулар қаланың 6 ауданы бойынша 30 аула алаңында өткізіліп жатыр. Сабақтар маусым айынан қыркүйек айының соңына дейін барлық қатысушы үшін тегін негізде дүйсенбі мен сенбі аралығында өтеді. Қатысу үшін жас мөлшеріне ешқандай шектеу қойылмайды. Жаттығу өтетін аулалардың кестесі қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының және «Aulafit» жобасының әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған. Өткен жылы бұл жоба аясында 15 кәсіби жаттықтырушы елорданың 30 ауласында 3 000-нан астам адамды спортпен қамтыды. Жоба алғаш рет 2020 жылы іске қосылып, салауатты өмір салтын насихаттау мен белсенді демалысты дамытуға зор үлес қосуда.
Күні кеше ғана «Астана – есірткісіз қала» атты акция аясында елордалық «Триатлон» саябағында бейімделген дене шынықтыруға арналған сауықтыру жаттығулары ресми түрде басталды. Үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан Василий Тахтайдың тегін сабақтарының биылғы ерекшелігі – оған «Көктал» саябағының да қосылуы. Жобаға 6 жастан асқан барлық қала тұрғыны қатыса алады. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Тіпті мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да белсенділік танытып жатқанын атап өтуге болады. Сабақтар 1 қыркүйекке дейін әр сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері кешкі сағат 19:00 және 20:00-де өткізіледі.
Тамыз айының басынан бастап қала тұрғындары мен қонақтары үшін йога мен скандинавиялық жүріс бойынша тегін оқу-жаттығу сабақтары басталады. Сабақтар қыркүйек айына дейін аптасына үш рет, елорданың алты саябағында кешкі уақытта өтеді. Айтулы тегін оқу-жаттығу сабақтарының нақты кестесі мен толық ақпараты басқарманың ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде жақын күндері жарияланады.
«Funny Sport» жазғы спорттық жобасы барлық жастағы тұрғынға арналған. Саябақтар мен ашық қалалық алаңдарда тегін спорттық іс-шаралар, шеберлік сыныптары мен интерактивті бағдарламалар өткізіледі. Балалардан бастап, қарт адамдарға дейін қатыса алады. Іс-шаралар елорданың танымал саябақтарында, атап айтқанда, «Орталық», «Триатлон», «Жетісу» және басқа да қоғамдық демалыс аймақтарында тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жобаның нақты кестесі мен толық ақпараты басқарманың әлеуметтік желілерінде алдын ала жарияланатын болады.
«Аталған жобалар – Астана қаласының тұрғындары арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттап, денсаулықты нығайтуға және қоғамда белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі. Бүгінде елорда тұрғындары мен спортшылары үшін спортты дамытуға барлық жағдай жасалып жатыр. Әсіресе, соңғы он жылда мемлекет тарапынан қолдауға ие болған дене шынықтыру мен спорт салаларын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы нәтижелердің айқын дәлелі – қаламыздың әр аумағында бой көтеріп жатқан жаңа спорт нысандары мен халықтың күнделікті өмірінде саламатты өмір салтына деген ұмтылысының артуы. Соның нәтижесінде дене шынықтырумен айналысатын тұрғындардың саны айтарлықтай өсті. Қаланың спорттық инфрақұрылымы жаңартылып, жаңа спорт кешендері мен алаңдар салынуда. Олар қаланың спорттық өмірінің орталығына айналып қана қоймай, қаланың келбетіне де көрік беруде» дейді А.Ағзамов.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда Астанада халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 1000 адамға шаққанда 37,1%-ды құрайды. Қалада 819-дан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 35 ірі спорт нысаны бар. Соның 17-сі нақты бір спорт түріне мамандандырылған.
Биыл жеке инвестициялар есебінен үш жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Бұл – сыйымдылығы 100 адамды қамтитын жабық футбол манежі, 800 адамға арналған «Alpha Gym» спорт кешені, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені.
«Соңғы аталған кешен республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге лайықталып жабдықталған. Мұнда бокс, күрес, таэквондо, ауыр атлетика спорт залдары және жаттығуға арналған арнайы бөлмелер орналасқан» дейді А.Ағзамов.
Астана қаласының аумағында спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен бірлесіп 40 жер телімі белгіленді. Оның ішінде 3 учаскеде бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін (ФОК) салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта бұл жобалар бойынша жобалау жұмыстары басталу алдында тұр.
Бүгінде қалада 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Биыл «Железнодорожный» және «Үркер» тұрғын алаптарында тағы екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жеңіс» спорт кешенінің жанынан көркем гимнастика талаптарына толықтай сай келетін жаңа жаттығу залының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадион мен «Қазақстан» спорт сарайын реконструкциялау және модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандарды қайта жаңғыртып, пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланып отыр.
Бұған қоса, Есіл ауданында, Шерхан Мұртаза көшесінде, «Қазақстан темір жолы» АҚ қолдауымен жабық мұз айдынының құрылысы жүріп жатыр. Орталық саябақ аумағында шаңғы базасының құрылысы басталды. Бұл нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың қыркүйек-қазан айларына жоспарланған. Қабанбай батыр даңғылы мен Хусейн бен Талал көшесінің қиылысында орналасатын, сыйымдылығы 300 адамға арналған «Инклюзивті спорт орталығы» жобасы конкурстық комиссия тарапынан қолдау тауып, құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысан да жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұған қоса, 15 мың орынға арналған «Көпфункционалды спорт кешенінің» құрылыс жобасы қарастырылуда.
Спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында әкімдік Астана қаласының дене шынықтыру және бұқаралық спорт саласын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Жоспар аясында бассейндері бар көпфункционалды спорт кешендерін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы бейімделген нысандар салу, есу спортына арналған база құру, Қарқаралы тас жолынан Қорғалжын тас жолына дейінгі велосипед жолын жаңғырту, футбол мен ойын спорт түрлеріне, шайбалы хоккейге арналған модульдерді орнату көзделген. Мектеп және студенттік спортты дамыту бағытында бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ